Ресейдің Амур облысында Ан-24 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады
Ресейдің Амур облысында Ан-24 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 40-тан астам жолаушы болған.
Ұшақтың бөлшектері Тында қаласынан 15 шақырым жерде табылды деп жазды жедел қызметке сүйенген "Интерфакс". Ұшақ Хабаровск – Благовещенск – Тында бағыты бойынша ұшқан. Тындаға жақындаған кезде онымен байланыс үзілген.
РБК-ның жазуынша, мәселе "Ангара" әуе компаниясының ұшағы жөнінде болып отыр. Baza-ның жазуынша, Ан-24 қонуға оқталып, қона алмай, екінші рет айналуға кеткенде онымен байланыс үзілген. Ұшақ бортында экипаждың 6 мүшесін қоспағанда 43 жолаушы болған, бесеуі – бала.
ТАСС-тың жазуынша, апатқа ұшыраған Ан-24 ұшағы 50 жыл бұрын шығарылған, оның ұшу жарамдылық мерзімі 2036 жылға дейін ұзартылған. The Insider жазуынша, биыл қаңтарда "Ангара" әуе компаниясының бас директоры жаңа техника болмағандықтан 50 жыл бұрынғы Ан-24 және Ан-26 ұшақтарын пайдалануға рұқсат сұраған. The Insider әңгімелескен әуе сарапшылары 50 жылдық ұшақтарда апат жиі болатынын айтқан.