Тарихқа деген көзқарас саяси ахуалдың ықпалында кетпеуге тиіс - Президент
Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада сөз сөйледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу ата-бабалардың және кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борышымыз екенін айтты.
"Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшылар мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды. Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды. Бұл – шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс. Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Мұның бәрі – зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мен ел тарихын зерделеуге белсене атсалысқан барша азаматтарға, соның ішінде Комиссия мүшелеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде марапатталады. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жиналған деректерді жүйелеп, бір ізге түсіріп жатыр. Бұл – ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс", - деді Тоқаев.
Президент тарихты, шежірені мұқият зерттеу керек екенін мәлімдеді.
"Төл шежіремізді мұқият зерттеуіміз және терең білуіміз қажет. Бұл – аксиома. Ұлтымыздың тарихын білмей, ең бастысы, оны терең түсінбей, қазіргі заманғы түрлі саяси үрдістер туралы дұрыс пайым жасау мүмкін емес. Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ тарихты саясаттың қолшоқпары етіп, популистік идеяларды насихаттайтын, ел ішіне іріткі салатын құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге тиіспіз. Біздің қоғамда жоғары азаматтық жауапкершілік салтанат құруға тиіс. Қуғын-сүргін мен ашаршылықтан ең көп зардап шеккен қазақ халқы болса да, бұл бұрынғы кеңес мемлекетінде өмір сүрген барлық дерлік халықтардың басына түскен қасірет. Сондықтан мұндай нәубеттер ешқашан қайталанбауы үшін одан сабақ алу өте маңызды. Халқымыз ұлы дала өркениетінің бірегей мәдени кодын сақтап келеді. Соның арқасында біз ел тағдыры сынға түскен қатердің бәрін еңсеріп, әрдайым ар-намысымызды биік ұстай білдік. Жұртымыз ең қиын күндердің өзінде ынтымақ, гуманизм, бауырластық сияқты құндылықтардан ажыраған жоқ. Түрлі нәубеттен жапа шеккендердің бәріне көмек қолын созды. Сол себепті өзара қамқорлық, жауапкершілік, төзімділік сияқты қасиеттер ұлттық болмысымыздың сипатына айналды", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тарихты бұрмалауға болмайтынын да айтты.
"Тарихқа деген көзқарас қай кезде де саяси ахуалдың ықпалында кетпеуге тиіс. Бірақ өкінішке қарай, қазір бұл барлық жерде үйреншікті жағдайға айналды. Күні кеше ғана жер-көкке сыйғызбай мадақталған тарихи тұлғалар ғалым-сымақтардың қалауымен жағымсыз адамға айналып сала береді. Керісінше, бір кезде атына қара таңба басылған саяси қайраткерлер түрлі насихатшылардың арқасында танымал болып шыға келеді. Ал қуғын-сүргінді ұйымдастырушылар мен орындаушылар қаһарманға айналып кетті. Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ, олардың туыстары мен жұбайларының есімін ұмытпауымыз керек. Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі. Қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсерді. Сондықтан, тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет. Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды. Тағы да қайталап айтамын: өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау – дұрыс, демек, біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек", - деді Мемлекет басшысы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!