Оңтүстік Кореяда әскерилер абайсызда ауылға бомба тастаған: зардап шеккендер саны артты
Оңтүстік Кореядағы тұрғын үйлерге абайсызда тасталған бомба салдарынан шамамен 15 адам зардап шекті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі YonhapNews-ке сілтеме жасап.
"Оқиға салдарынан 15 адам, соның ішінде екі әскери және екі шетелдік азамат әртүрлі дәрежеде жарақат алды", - деп жазылған хабарламада.
Өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген, бірақ олардың жарақаттары өміріне қауіп төндірмейді. Жеңіл жарақат алған тағы сегіз адам ауруханаға жатқызылған.
Билік зардап шеккендер саны артуы мүмкін деп қауіптеніп отыр, өйткені тағы бірнеше адам медициналық көмекке жүгінген.
50-ге жуық жергілікті тұрғын оқиға орнынан қауіпсіз қашықта орналасқан қалалық әкімшілік ғимаратына көшірілген.
Айта кетейік, 6 наурызда таңертең Кенгидо провинциясының Пхочхон қаласында Сынчжин полигонында оқу-жаттығулар өтті. Оған Оңтүстік Корея әскери-әуе күштері, соның ішінде F-35A, F-15K, KF-16 және FA-50 жауынгерлік ұшақтары, құрлық әскері, сондай-ақ, елде орналасқан америкалық бөлімшелер қатысты.
Fifteen people in #SouthKorea were injured on Thursday after two Air Force KF-16 fighter jets mistakenly dropped eight air-to-surface bombs outside a training range during live-fire drills#OmmcomNews https://t.co/14h9SuuF7e
— Ommcom News (@OmmcomNews) March 6, 2025
Оқу-жаттығу кезінде KF-16 жойғыш ұшағы 8 дана МК-82 бомбасын тастаған, ал олар Пхочхон қаласы аумағындағы Ногок ауылына құлаған. Бомба бес үйге, қоймаға, шіркеуге, жылыжайға және жүк көлігіне зақым келтірген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!