ru24.pro
World News in Kazakh
Февраль
2025
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28

Алматыда Feminita ұйымының шарасына кедергі жасалды

0
14 ақпанда Алматыдағы Feminita феминистік ұйымының іс-шарасына бірнеше адам кедергі келтіріп, жиын өтіп жатқан қонақүйдегі конференц-залдың есігін сындырмақ болды. Белсенді Ақторғын Ақкенжебаласының Азаттыққа айтуынша, Feminita онда адам құқығы бойынша тренинг өткізіп жатқан.


Feminita белсендісінің сөзінше, "Рахым" әлеуметтік үйінің басшысы Бибінұр Шералиева мен белсенді Дильнар Инсенова шараны тоқтатпақ болған, олардың жанында тағы үш әйел жүрген. Олар музыканы қатты қойып, есікті ашуды талап еткен.


– Қонақүй әкімшілігі есікті ашуға келіспеген, [жиынға кедергі келтіргендер] оларға қол жұмсаған. Қызметкерлер полиция шақыртып, олардың үстінен есікті теуіп, мүлікті бүлдіргені үшін арыз жазды. Feminita да оларға арыз жазды. Бұл – барып тұрған бассыздық. Олар өзінің агрессиясына, әрекетіне тоқтау көріп тұрған жоқ. Біз тек заң аясында жұмыс істейміз, мәселені заң бойынша шешкіміз келеді, – деді Ақторғын Ақкенжебаласы.


Белсендінің айтуынша, шараға кедергі келтірген топ оларды "шетел агенті" деп айыптай сөйлеген.


– Олардың ешқандай нақты талабы жоқ. Шетелден қаржы алып, халықты, жасөспірімдерді азғындап жатсыңдар дейді. Бірақ жиынға қатысқандар арасында балалар жоқ, 18 жастан асқан ересек адамдар жүр. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ сияқты басып кіріп, бізге боғауыз сөз айтты, – деді Feminita белсендіcі.


Ақторғын Ақкенжебаласының сөзінше, Feminita бастамасының адам құқығы бойынша шарасына 25 шақты адам қатысқан. Белсенді "өшпенділікті көрген олар есеңгіреп қалды, бір қатысушының жағдайы нашарлап, жедел жәрдем келді" деді.


Feminita өзін әйелдердің, жыныстық азшылық өкілдерінің құқығын қорғайтын ұйым деп таныстырады.




13 ақпанда Feminita-ның іс-шарасына "Қазақстандық ата-аналар одағы" бірлестігінің бұрынғы төрайымы Бағила Балтабаева, белсенді Жібек Әменова келіп, кедергі келтірген. Олар Feminita белсенділерін "жас балаларды азғындап жатыр, қоғамдық тәртіпті бұзды" деп айыптап, полиция шақыртқан. Кейін полицейлер Feminita-ның негізін қалаушылар Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержанды басқармаға алып кеткен.


Әлеуметтік желіде осы шараға кіріп келген адамдар түсірді деген видео тарады. Ондаған адам отырған залдағы үстелде ЛГБТ туы жайылып тұр. Ал экранда Бағила Балтабаеваның аты-жөні жазылып, фотосы тұр. Видеоны түсірген адамдар олардан "бұл мектепті қандай мақсатты өткізіп жатырсыздар? Ақшаны ақтап жатырсыздар ма?" деп сұрайды. Әлеуметтік желіде "бұл видео мектепте түсірілген", "балаларға мектепте ЛГБТ насихаты жүргізіліп жатыр" деген дәлелденбеген ақпарат тарап, қолданушылар наразылық білдірді.


Балтабаева мен оның жақтастары әлеуметтік желідегі парақшасында ішкі істер министрлігі, прокуратура мен ұлттық қауіпсіздік комитетінен іс-шараны ұйымдастырушыларды жауапқа тартуды, ұйымның жұмысына тыйым салуды, Feminita мен оның белсенділерін экстремист деп тануды талап еткен. Балтабаева Feminita белсенділері адам құқығы жайлы емес, "біржынысты саясат жүргізіп жатыр" деп айыптаған.


"Азғындықты насихаттап жүрген осы және осы сияқты ұйымдарды толықтай тексеріп, бұлардың қай жақтан қаржыландыратынын, және бұлардың мақсаттарын айқара ашып, тексеріп, жауапқа тартуларыңызды сұраймын!", – делінген постта.


Ақторғын Ақкенжебаласының сөзінше, жиын өтетін орынды оған алдын ала тіркелгендер ғана білген, жария түрде әлеуметтік желіде айтылмаған.


Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі "екі топ арасындағы конфликт туралы хабарлама түсті, олар Медеу ауданының полиция басқармасына жеткізілді, арыздары бойынша тексеру жүргізіледі" деп жауап берді.


2024 жылы қазанда Балтабаева, Әменова мен Инсенова Feminita бастамасының "Лесбиан құрылтай" деген шарасына барып, оны өткізбеуге тырысқан. Feminita өкілдері шараны өткізбей қойған топтың үстінен арыз жазған. Ақторғын Ақкенжебаласының айтуынша, шағым ары қарай қаралмай қалған. Олар алда бұл мәселені адвокаттармен қайта көтермекші.


Былтыр Алматыда Feminita белсенділерін полиция ұстап жатқанда Астанадағы мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов ұйым белсенділеріне қарсы депутаттық сауал жолдады.


Премьер-министр Олжас Бектенов атына жолданған ұсыныста Зайытов Feminita бастамасын экстремистік деп тануды, ал Қазақстан аумағында ЛГБТ насихатына тыйым салуды ұсынған.


22 қаңтарда мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин АҚШ президенті Дональд Трамптың инаугурациядағы "АҚШ-та екі гендер ғана бар" деген сөзіне сілтеп, "ұлттық болмысымызға жат" қозғалыстарға тыйым салуды тағы да ұсынған.