Миллиардтаған қаражат тиімсіз пайдаланылған: цифрлық салаға мемлекеттік аудит жүргізілді
Цифрлық даму саясатының тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды. Аудит нәтижелері Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палата отырысында қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудит материалдарында көрсетілгендей, 2016-2017 жылдары "Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ шеңберінде 5 технологиялық даму орталығын және 1 венчурлік қорды құруға бюджеттен 4,9 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде 3 орталықтың қызметі тиімсіз және нәтижесіз болып шықты, 2 компания перспективалық даму жоспарларынсыз жұмыс істейді. Осылайша, 3 миллиард теңге тиімсіз пайдаланылған.
"Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ арқылы бюджет есебінен 987 миллион теңгеден астам сомаға қаржыландырылған 95 стартапқа салынған инвестициялардың нәтижелілігі мен табыстылығы расталмай отыр. Бұл ретте 2018-2020 жылдары қаржыландырылған 32 ұйым таратылған, оның 18-і мәжбүрлеу тәртібімен таратылған. Тағы 21 компания нөлдік салық есептілігімен жұмыс істейді, бұл қызметтің жоқтығын көрсетеді.
"Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ-ға 2015 жылдан 2024 жылға дейін бюджет қаражатынан бөлек жер қойнауын пайдаланушылардан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру бойынша міндеттемелер ретінде 41 миллиард теңге түскен. Бұл ретте "Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ сараптамалық комиссиясы ҒЗТКЖ-ны қамтамасыз етуге жауап бермейді, бұл осы бағытта қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен біртектілігіне күмән келтіреді. Нәтижесінде 14,8 миллиард теңгеге 179 жоба негізінен бизнестің ағымдағы міндеттерін шешуге бағытталған, ал ғылымды дамытуға және жаңа технологияларды жасап шығаруға ықпал етпеген", - делінген хабарламада.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 1,1 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз жоспарлау 2,2 миллиард теңге, ал оларды тиімсіз пайдалану 46,5 миллиард теңге болған. Сондай-ақ 45 жүйелік кемшіліктер мен 143 процедуралық бұзушылықтар анықталды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!