Заңсыз активтердің тағы 4,6 миллиард теңгесі қайда жұмсалатыны белгілі болды
Үкімет Ақтауда облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының құрылысын қаржыландыруға 4,6 миллиард теңге бөлді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Президенттің тапсырмасын орындау аясында қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру мақсатында Ақтауда жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсетуге қауқарлы облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасы салынады. Бұл мақсатқа Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан 4,6 миллиард теңге бөлді", - делінген хабарламада.
Нысанның құрылысы Ақтау қаласының 34А шағын ауданында орналасқан 2,6 гектар жер учаскесінде жоспарланған. Жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасының құрамына оқу-симуляциялық орталық, санитарлық көліктерге арналған жөндеу және жуу базасы енеді.
"Жобаның жалпы құны 4,8 миллиард теңге деп бағаланған. Оның 100 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Қазіргі таңда нысанның дайындық деңгейі 10 пайыз болады: жер қазу жұмыстары аяқталып, ішкі инженерлік желілердің құрылысы жүргізілді. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат жобаны белгіленген кестеге сәйкес толық аяқтауға мүмкіндік береді".
Еске салайық, бұған дейін Үкімет Алматы облысы Кеген ауданының Жалағаш ауылында спорт кешенін салуға 1,1 миллиард теңге бөлгені хабарланған болатын. Жоба "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң шеңберінде іске асырылып жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!