ru24.pro
World News in Kazakh
Февраль
2025
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28

Түркістан: Сарыағашта мектептің оқушылары үзілісте асық ойнайды

0

Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №71 жалпы білім беретін мектебі ұлттық тәрбиеге айырықша көңіл бөліп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде ерекше бастама көтерді. Мектеп ұстаздары оқушылардың қоңырау уақытын пайдалы әрі қызықты өткізу мақсатында ерекше әдіс енгізді. Бұл туралы толығырақ Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарламады.
Бұл – ұлттық тәрбиеге негізделген асық ойнау дәстүрі. Мектеп директоры қоңырау уақытында балалармен асық ойнап, ұлттық ойындарды қайта жаңғыртып жатыр. Аталмыш бастама арқылы оқушылардың дәстүр мен мәдениетке деген құрметін арттырып қана қоймай, оларды дәлдік пен ширақ болуға машықтандырады. Сонымен қатар, асық ойыны балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, шапшаңдық пен көз өлшемін жетілдіреді.
Мектеп оқушылары 1000-нан аса асық жинап, ұлттық ойынмен айналысуға өздері құлшыныс танытқан. Ұлттық ойын алғаш рет мектепте ұйымдастырылған аудандық әкелер мектебінің жиынында қолдау тапты. Бұл шара ата-аналардың да қызығушылығын оятқан.

Қазіргі уақытта игі бастама жалғасын тапқан. Мектеп оқушылары үзіліс кезінде де асық ойнап, белсенділігін арттырып жүр. Ұлттық ойынның мектеп оқушыларына берер тәрбиелік мәні зор. Ол тек уақыт өткізу емес, сонымен қатар баланың мергендігі мен ептілігін шыңдайтын тамаша мүмкіндік.
№71 жалпы білім беретін мектептің директоры Абылай Бердихожаевтың айтуынша, асық ойнау тек қызықты ойын ғана емес. Бұл - ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған мұра.

"Біз балалардың ұлттық құндылықтарға жақын болуын қалаймыз. Асық ойнау тек қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар бұл ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған мұра. Осы дәстүрді жаңғырту арқылы оқушыларымызды ұлттық құндылыққа, мәдениетке құрметпен қарауға тәрбиелейміз. Асық ойыны – тұнып тұрған тәрбиенің көзі. Ал білім мен тәрбие қашанда егіз болуы керек", – дейді мектеп директоры Абылай Бердихожаев.

Балаларды ұлттық спорт түріне баулыған мектеп ұстаздары "асық" спорты үшін мектепте арнайы бөлме жабдықтап, үйірме ашуды көздеп отыр. Ұлттық спорттың бұл түрі денсаулыққа тигізер пайдасынан бөлек, оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтады дейді. Бұл бастама ата-аналар мен оқушылардың арасында үлкен қолдау тауып, мектептің ерекшелігіне айналған. Ендігі кезекте мектеп ұжымы ұлттық ойындар тек білім ордасының аумағында ғана емес, балалардың бос уақытында да жалғасып, кеңінен таралады деген сенім білдіріп отыр.

Сондай-ақ, мектеп әкімшілігі оқушылардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Ұлттық ойынның танымалдылығы артып, жас буын арасында кеңінен таралып жатса, құба-құп.
Асық ойыны – қазақ халқының ұлттық мұрасы ғана емес, сондай-ақ жастарды ұлттық тәрбие мен спортқа бейімдейтін таптырмас құрал. Бұл бастама тек бір мектептің деңгейінде ғана қалмай, өңірдегі өзге білім ошақтарына да үлгі болары сөзсіз.