Күн-түні компыютер ойынын ойнаған: Астанада 21 жастағы жігіт туған бауырын пышақтап өлтірді
Астанада өткен түнде 21 жастағы жігіт өз немере ағасын өлтіріп, үш туысын пышақтап жарақаттады. Алдын ала мәліметтер бойынша, олардың арасында компьютерлік ойынға байланысты жанжал туындаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мұстафин көшесіндегі пәтерде 60 жастағы әйел мен одан 10 жас кіші сіңлісі бірге тұрған. Олардың бірімен бірге балалары және жұмыссыз жүрген жиені Жанғали Жұматаев та сол үйде тұрып жатқан. Жігіттің жалғыз қызығушылығы — Standoff 2 ойыны, онда ойыншылар бірінші тұлға ретінде жауларын атып, граната лақтырып, пышақпен шабуыл жасай алады.
Тергеу нұсқасы бойынша, сол түнде Жанғали смартфонында сүйікті ойынын ойнап отырған. Түнгі сағат 3 шамасында тәтесі одан телефонды сөндіріп, ұйықтауын сұраған, себебі бүкіл отбасы демалып жатқан. Алайда ол бұл өтінішті елемеген. Кейін тәтесі тағы да Жұматаевтан басқаларға ұйықтауға кедергі жасамауын талап еткен. Мүмкін, осы себептен отбасы мүшелері арасында жанжал шыққан.
Барлығы ұйқыға кеткеннен кейін, Жанғали Жұматаев ас үй пышағын алып, немере ағасы мен өзіне ескерту жасаған тәтесінің ұлына 20-дан астам соққы жасайды. Жарақаттардың қатты болуынан 28 жастағы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған.
Оның айқайынан оянған басқа туыстарына да Жұматаев пышақпен шабуыл жасаған. 50 жастағы әйелдің беті мен мойнында көптеген кесілген жарақаттар бар, 60 жастағы тәтесінің қабырғалары сынған, кеуде қуысы мен басқа да бөліктерінде терең жарақаттар анықталған.
Шабуылдаушының немере қарындасы да зардап шеккен. Оның басы, кеуде қуысы және арқасында көптеген пышақ жарақаттары бар.
TengriNews.kz тілшісіне аталған жағдайды Астана қаласының полиция департаменті растады.
"Астана қаласының 21 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжалға туыстарының ескерту жасауы себеп болған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр"- деді ПД баспасөз қызметі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!