ru24.pro
World News in Kazakh
Январь
2025
1 2 3 4 5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

"Сыпайылық сақтамаған" Назарбаев. "Қаскөйлер". Үш АЭС. Тоқаев сұхбатында не айтты?

0
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында 2025 жылы мәжіліс сайлауы өтпейтінін айтып, өзінің БҰҰ басшылығына барады деген сөздерді жоққа шығарды. Бұған қоса, уақыт белдеуі, елдегі экономикалық жағдай, АЭС құрылысы және экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке араласуы жайлы айтты.


"МӘЖІЛІС САЙЛАУЫ УАҚЫТЫНДА ӨТЕДІ"


Тоқаев сұхбатында БҰҰ бас хатшысы орынбасары ретінде үш жыл жұмыс істегені "артығымен жететінін" айтып, ел арасындағы "Тоқаев БҰҰ басшы болып кетеді" деген сөзді жоққа шығарды.


– Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін, – деді ол.


Былтыр қазақстандық басылымдарда "елде кезектен тыс президент сайлауы өтпек, Тоқаев 2025 жылы президенттіктен кетуі мүмкін" деген сөз тараған еді. Бұл сөз қоғамда көп айтыла бастаған тұста сенат спикері Мәулен Әшімбаев пікір білдіріп, ақпаратты "өсек-аяң және арандату" деген еді. Бұған қоса, елде мәжіліс сайлауы да кезектен тыс өтуі мүмкін деген сөз тараған. Тоқаев мұндай сөздің тарағанын "білмейді".


– Меніңше, парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты, – дейді Тоқаев.


Қазақстанда мәжіліс сайлауы 2023 жылы наурызда ұйымдастырылып, парламентке алты партия өткен. Көп орынды Тоқаевтың саясатын қолдайтын "Аманат" партиясы алған. Мәжіліске өткен партиялардың басым бөлігі билікке жақын. Бір мандатты округтен мәжіліске өткендердің көбі – "Аманат" партиясының мүшелері.


Тоқаев Қазақстан парламенттік елге айналмайтынын да айтады. Ол өзінің "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" бастамасы Қазақстанның саяси жүйесіне "ең қолайлы тұжырымдама" деп сенді.


– Президенттік басқару тәсілі Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенемін, – дейді Қазақстан басшысы.


УАҚЫТ БЕЛДЕУІ ЖАЙЛЫ НЕ ДЕЙДІ?


Тоқаев сұхбатында қоғамда сынға ұшыраған уақыт белдеуіне қатысты пікір білдіріп, үкімет сағат белдеуін өзгерту шешімінің орынды екеніне сенімді деп мәлімдеді.


– Қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін.


Бұрын UTC+5 және UTC+6 сағат белдеуінде болған Қазақстан наурызда үкіметтің шешімімен UTC+5 белдеуіне көшкен. Бұл өзгерістен соң елдің шығыс, орталық, оңтүстік-шығыс өңірлерінде адамдар түн тез батып, күн жылдам ататынына шағымданған. Қазір үкімет қайта ақша бөліп, уақыт белдеуін өзгертуге қатысты зерттеу жүргізіп жатыр.


НАЗАРБАЕВ "СЫПАЙЫЛЫҚ САҚТАЙ БЕРМЕЙТІН"


Тоқаев сұхбатында елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетсе де билікке араласқанын ашық айтты. Оның сөзінше, шенеуніктер де ка­бинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болған.


– Ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Үнемі премьер-министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін... Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады, – деді ол.




Тоқаев Назарбаевтың былтыр Мәскеуге барып Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінен де хабардар. Ол мұндай кездесулер Назарбаевтың бастамасымен өтетінін алға тартады және Путинмен кездесу Назарбаев үшін маңызы зор деп санайды.


– Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар, – дейді Тоқаев Назарбаевтың Мәскеуге сапарлары жайлы.


Дегенмен Тоқаев Назарбаевпен айына бір рет телефонмен сөйлесіп тұратынын айтады.


Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен. Ол президенттік қызметті Тоқаевқа бергенімен, өзі Қауіпсіздік кеңестің өмір бойғы төрағасы ретінде билікке ықпалын сақтап қалған. 2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың билікке ықпалы азайған.


ТОҚАЕВ ҚАҢТАРҒА "ҚАСКӨЙЛЕРДІ" АЙЫПТАДЫ


Тоқаев 2022 жылғы 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғыны "көпе-көрінеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, қаскөйлердің шектен тыс менмендігінің және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарауының кесірінен болды" деп санайды. Бірақ ол қаскөйлерді, халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарағандарды нақты айтпады.


Тоқаев тілшінің "ел ішінде Қаңтар оқиғасының құпиясы толық ашылған жоқ деген пікір бар. Бұған не айтар едіңіз?" деген сұрағына "Тергеу ашық жүргізілді. Қылмыскерлер жазасын алды. Парламентте біздің арғы-бергі тарихымызда бұрын-соңды болмаған арнайы тыңдау ұйымдастырылды" деп жауап қатты.




2022 жылы Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты халық наразылығын елдің басқа қалалары да қолдаған. Кейін 5 қаңтарға ауған түні бұл наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Тоқаев елге шетелден 20 мың террорист келгенін айтып, ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. Қаңтарда, одан кейін ұсталған адамдар түрмеде азапталғанын айтқан. Марқұмдардың жақындарының қарсылығына қарамастан халыққа оқ атқан полицейлер мен әскерилер "Адам өлтіру" бабымен емес "Билігін асыра пайдалану" бабымен істі болған. Оқиғадан үш жыл өтсе де Қаңтар оқиғасына нақты не себеп болғаны ашық айтылмады. Сарапшылар Тоқаев пен Назарбаев жақтастарының арасында билікке таласы жайлы айтқан. Бірақ екі тарап мұны жоққа шығарған.


"ҮШ АЭС САЛУЫМЫЗ МҮМКІН"


Тоқаев сұхбатында АЭС энергетика тапшылығын жоюға көмектесетінін тағы қайталады. Ол бұл сөзін АЭС идеясын ұсынғанда, одан кейін де бірнеше рет айтқан. Тоқаев Астанаға Путин келгенде АЭС құрылысын талқылағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, АЭС салуға Ресейдің "Росатом" компаниясы қатысуы мүмкін, Қытаймен де келіссөз жүргізіліп жатыр.


– Жобаға басқа да мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің корпорациялары қызығушылық танытып отыр. Биыл конкурстық рәсімдер өткізіледі. Содан кейін үкімет түпкілікті шешім қабылдайды. Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын, – дейді ол.




Тоқаев 2021 жылы елде атом электр станциясын салу идеясын ұсынып, былтыр қазанда АЭС салу бойынша референдум өткен. Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс бергендердің 71 пайызы АЭС салуды қолдады деп жариялаған. Бірақ елде біраз топтар бұл құрылыс қауіпті екенін айтып, АЭС құрылысына қарсы шыққан.


ҮКІМЕТ ЖҰМЫСЫ ЖАЙЛЫ НЕ ДЕДІ?


Елде азық-түлік қымбаттап, айлық табыс азайып, үкіметке сын күшейген тұста Тоқаев министрлер кабинеті "экономика өсімін қамтамасыз етіп, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту міндетін орындап отыр" деп мәлімдеді.


– Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар. Жуық арада үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз, – дейді ол.


Қазақстан президенті бір доллардың 500 теңгеден асып кеткенін "сыртқы факторлардың әсері" деп санайды. Бірақ ол экономика саласындағы шенеуніктердің жұмысына көңілі толмайтынын айтады.


– Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет. Былтыр 17 желтоқсанда премьер-министр Олжас Бектеновпен кез­дескенде осы мәселені талқыладық, – Қазақстан басшысы.




Бұған қоса, Тоқаев жемқорлықпен күрес жалғаса беретінен, парақорлық фактілерін анықтау ғана емес алдын алу жұмыстарын жүріп жатқанын айтады. Transparency International ұйымының "Жемқорлық индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 93-орын тұр.