ru24.pro
World News in Kazakh
Декабрь
2024

2025 жылы Қазақстанда ел жағдайы қалай өзгереді? Әлде өзгермей ме?

0
Жәрдемақы, зейнетақы, жалақы, салық, әлеуметтік төлемдер. 2025 жылдың 1 қаңтарында қандай өзгеріс болады? Сарапшылар өзгеріс туралы не дейді?


АЕК, жәрдемақы мен зейнетақы

2025 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 6,5 пайызға артып, 3932 теңгеге жетпек. Биыл 3692 теңге болған.


Көпбалалы отбасына берілетін және бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне ай сайын төленетін жәрдемақылар да 6,5 пайызға көбеймек.


Ал зейнетақы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 8,5 пайызға өседі.


Экономист, Kursiv Research жетекшісі Сергей Домниннің айтуынша, жалпы жәрдемақылардың өсуі көп отбасына сезілмейді.


– Өйткені статистика бюросының 2024 жылғы дерегінше, жәрдемақылар отбасы табысының 4 пайызын ғана құрайды. Елдегі "ең кедей өңір" деп аталатын, әрі көпбалалы отбасы көп Түркістан облысының өзінде әр үйдегі кірістің 6,8 пайызын жәрдемақы жабады, – дейді экономист Домнин. – Ал зейнетақының өскені көп отбасына едәуір сезілуі мүмкін, – дейді экономист Сергей Домнин. Өйткені зейнетақы көп отбасындағы жалпы табыстың 21 пайызға жуығын құрайды.


АЕК-ның өсуі тек әлеуметтік төлемдерге емес, әкімшілік айыппұлдарға да әсер етеді. Сөйтіп 2025 жылы әкімшілік айыппұлдар мен мемлекеттік баж салығы да 6,5 пайызға өседі.




Экономист Сергей Домнин "2025 жылы халықтың жағдайы жақсарып кетеді дегенге сену қиын" дейді.


– Қазір ел экономикасына сырттан қысым көп болып жатыр, яғни, мұнай бағасы түсіп, доллар өсіп жатыр. Үкімет соған қарамастан әлеуметтік саладағы шығыстарын арттырды. Әлеуметтік төлемдерге қосылған азын-аулақ төңгені бәрібір де инфляция жеп қояды. Ұлттық банк 2025 жылы инфляция деңгейі 6,5–8,5 пайыз болады деп болжап отыр, – дейді экономист.


Десе де, кейінгі бір жылда Қазақстанда ақылы қызметтер құны 14,3 пайызға өсті. 2024 жылғы қазандағы есеп бойынша, ең қатты қымбаттағаны суық су – 60,3 пайызға артқан. Орталықтан жылыту ақысы 33,6 пайызға, электр энергиясы 23 пайызға, ыстық су құны 18 пайызға өскен.


Жалақы

Инфляция өсіп жатса да, үкімет 2025 жылы ең төменгі жалақыны бұрынғыша қалдырды. Ол 85 мың теңге. Жұмыс берушілер қызметкеріне осы мөлшерден аз айлық төлей алмайды.


Оны үкімет жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда бекітеді.


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, Қазақстанда ең төменгі жалақыны 1 миллион 800 мың адам алып жүр.




Мәжіліс депутаттары министрге ең төменгі жалақыны 2025 жылы 100 мыңға жеткізуді ұсынған. Алайда министр елде ең төменгі жалақыны есептеу бойынша жаңа әдістеме әзірленгенін айтып, ұсынысты қабылдамаған. Бұл туралы депутат Ерлан Әбіл Atameken Business арнасына айтқан.


Жаңа әдістеме бойынша үкімет ең төменгі жалақыны медиандық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарап анықтайды. Бұрын оны ең төменгі күнкөріс деңгейіне және инфляцияға қарап белгілеген.


Осылайша үкімет алдағы үш жыл ішінде ең төменгі жалақыны медиандық жалақының 50 пайызына жеткізуді көздейді. Министр Жақыпова бұл жоспардың қашан орындалатынын нақты айтпаған. "Мақсатты межеге жету үшін елде бизнес дамып, еңбек өнімділігі артуы керек", – деді министр.


Медиандық жалақы дегеніміз – елде жұмыс істейтін адамның көбі алатын жалақының орта шамасы. Мысалы, 2024 жылы Қазақстандағы медиандық жалақы 285 677 теңге болған. Демек көп адамның айлығы осы шамадан көп те емес, аз да емес, солардың ортасы.


Үкімет 2025 жылы мына мамандардың жалақысын көтеруді көздеп отыр:



ішкі істер органдарының азаматтық қызметшілері қатарындағы медицина қызметкерлері;
табиғатты қорғау және арнаулы мекемелер жұмыскерлері;
арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының медицина қызметкерлері;
азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттары, ұйымдар жұмыскерлері, қазыналық кәсіпорындар жұмыскерлері;
мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері;
мектепке дейінгі мемлекеттік білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлері;
мемлекеттік білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлері;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі мемлекеттік білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлері;
жергілікті атқарушы органдардың денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлері;
мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының медицина қызметкерлері.


 


Бұл туралы "2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңының 14 бабында жазылған.


Экономист Сергей Домниннің айтуынша, үкіметтің төменгі жалақыны өсірмегенін шағын және орта бизнеске салмақ салғысы келмегенінен көруге болады.


– Десе де, экономикадағы нақты жалақы өсіп жатыр. 2024 жылғы қаңтар–қыркүйек арасында жалақы 2,9 пайызға артқан, – дейді сарапшы.


Экономист Рахымбек Әбдірахмановтың айтуынша, төменгі жалақының өспеуі Қазақстан халқының басым бөлігінің әл-ауқаты әлсіреп жатқанын білдіреді. Ол 2024 жылы 24 желтоқсан күні шыққан "Мүмкін емес" YouTube арнасына берген сұхбатта кейінгі 10 жылда ең төменгі жалақы 35 АҚШ долларына (18 мың теңге) өскенін айтты. Ол мұны аз деп санайды.


"Қазақстан тәуелсіздігінің 33 жылында 12 үкімет ауысты. Алайда министрлер кабинетіндегі адамдар ауысқанымен, қарапайым азаматтардың өмір сапасын жақсартқан жоқ, кері кетіп бара жатыр", – деді Рахымбек Әбдірахманов.


Зейнетақы жарнасы

Зейнетақы қорына төленетін міндетті жарналар қатарына 2024 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы қосылған. Ол 2025 жылдан бастап 2,5 пайызға көтеріледі. 2024 жылы 1,5 пайыз еді.


Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын аты айтып тұрғандай жұмыс берушілер өз қалтасынан шығарады. Жұмысшының "Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы" жинағына салады. Сосын бұл жарна тек 1975 жылы және содан бері қарай туған адамдарға төленеді. Оның мөшлері қызметкердің табысына байланысты болады. Ол жыл сайын өседі. Үкімет жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын 2028 жылға дейін 5 пайызға жеткізбекші.




Қаржыгер, AK Consulting компаниясының негізін қалаушы Айгерім Кариеваның айтуынша, бұл өзгеріс жұмыс берушілердің әсіресе шағын және орта бизнес иелерінің қалтасына салмақ салады.


– Дегенмен мұндай шара әлеуметтік тұрақтылық үшін өте маңызды. Ол зейнетақы жүйесін нығайтуға бағытталған, – дейді ол.


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де бұл жарна жастарды қолдау мақсатында енгізілгенін жазған. Өйткені оларға мемлекеттен ортақ зейнетақы (солидарная пенсия) төленбейді, зейнет жасына жеткенде алатын зейнетақысы БЖЗҚ-дағы жинағына ғана байланысты болады. Қазір ортақ зейнетақыны тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыс істеген адамдар алады. Оның еңбек өтілі 6 айдан аз болмауы керек.


Әлеуметтік салық пен әлеуметтік аударым

2025 жылы әлеуметтік салық 9,5 пайыздан 11 пайызға дейін өседі.


Әлеуметтік салықты жұмыс беруші төлейді. Оның мөлшері кәсіпкердің табысына немесе еңбекақы қорына байланысты болады. Ол мемлекеттік бюджетке түседі. Әлеуметтік салықтан түскен ақшаны үкімет денсаулық сақтауға, білім беруге немесе әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жұмсайды. Мысалы, ол ақшаға мемлекет аурухана, мектеп салуы мүмкін.


2025 жылы еңбек шарты бойынша жұмыс істеп жүрген, яғни штатта істейтін барлық адамның әлеуметтік аударым мөлшерлемесі 3,5 пайыздан 5 пайызға дейін өседі. Оның мөлшері жұмысшының табысына байланысты. Бұны да жұмыс беруші өз қалтасынан төлейді.


Әлеуметтік аударым "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына" (МӘСҚ) түседі. Ол жұмысшының әлеуметтік жағдайы үшін жиналады. Мысалы, ол адам уақытша еңбекке жарамсыз болып қалса, жұмысынан айырылған жағдайда немесе декретке шыққанда берілетін төлемдер әлеуметтік сақтандыру қорындағы жинақ есебінен төленеді.


Енді 2025 жылдан бастап азаматтық-құқықтық шартпен (ГПХ) жұмыс істейтін азаматтар әлеуметтік жағынан сақтандырылатын болады. Олар үшін 5 пайыз әлеуметтік аударымды тапсырыс беруші төлеуге міндетті.


Азаматтық-құқықтық шарт (ГПХ) деген – келісімшарттың бір түрі, онда белгілі бір қызметті орындаушы және тапсырыс беруші болады және онда қызметтің қандай болатыны, соның ақысы белгіленеді. Тапсырыс беруші мен орындаушының қатынасы Еңбек кодексімен емес, Азаматтық кодекспен реттеледі.


Қаржыгер Айгерім Кариева "азаматтық-құқықтық шарт бойынша істейтін азаматтар үшін әлеуметтік аударымды кәсіпкерлерге төлету көп сұрақ туғызады" дейді. Оның айтуынша, бұл аударым – кәсіпкерлердың қалтасына артық жүк.


– Бірақ кеңірек қарасақ, Қазақстандағы салық және әлеуметтік жүктеме әлемдік стандарттармен салыстырғанда төмен. Еуропа елдерінде мұндай жарналар 20-30 пайызға дейін барады. Біздегі өзгерістер олардың қасында түк емес болып қалады, – дейді қаржыгер.


Айта кетейік, азаматтық-құқықтық шартпен жұмыс істейтін адамдар жаңадан енгізілген әлеуметтік аударымнан басқа барлық төлемді өз табысы есебінен шығарады. Кірісінен 10 пайыз жеке табыс салығын, 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасын және 2 пайыз медициналық сақтандыру жарнасын төлейді.


Тұрғын үй

2025 жылы Қазақстан азаматтарына 10 пайыз алғашқы жарнамен тұрғын үй алуға мүмкіндік туады. Ол үшін үй таза әрленген болуы керек. Бұл тек "Отбасы банкіндегі" "Наурыз" бағдарламасымен қолжетімді. Бұған дейін бұл бағдарламамен пәтер алу үшін кемі үй бағасының 20 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеу керек болған.


"Бұл өзгеріс құрылыс компанияларын таза әрленген тұрғын үйлерді көп салуға ынталандырады. Ал азаматтар енді жаңа сатып алған үйін әрлеп, жөндеу үшін қосымша несие алып әуре болмайды" – делінген банк хабарламасында.


Бірақ қаржыгер, тұрғын үй саласының сарапшысы Қайрат Қожанов бұл өзгерістен кейін құрылыс компаниялары таза әрленген үйлерді көп салады дегенге күмәнмен қарайды. "Өйткені қазір "Наурыз" бағдарламасымен таза әрленбеген үй табудың өзі оңай емес. Таза әрленген үйді қолданысқа берудің өзі уақыт алады, сосын ондай дайын үйге клиенттің шағымы да көп болды. Сол үшін компанияларға аса тиімді емес, – дейді Қожанов.


Оның айтуынша, 10 пайыз жарна жалдамалы пәтерде жүрген, ақша жинай алмайтын адамдарға тиімді.


– Бір қарағанда керемет жаңалық сияқты. Бірақ оның да тиімсіз тұсы бар. Ипотеканы алған кезде 10 пайыз жарна беріп қиналмағаныңмен, оның ай сайын төлейтін ақысы көп шығады. Себебі үй бағасының 10 пайызын банкке беріп, 90 пайызын банктен қарызға алып отырсыз, – дейді сарапшы.


Қайрат Қожанов "әлеуметтік осал топтағы адам санатына кірмесеңіз, үй бағасының 20 пайызын алғақшы жарнасына жинап, алған жөн" деп санайды.


– Өйткені алғашқы жарна мөлшері азайған сайын, үй құны да қымбаттайды, – дейді сарапшы.


"Наурыз" бағдарламасын мемлекет қаржыландырады. Бағдарлама жеті жылға жоспарланған.


Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 9 пайыз. Әкімдік кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан осал топтар үшін – 7 пайыз, кейін 4 пайызға дейін түседі.


Несиені өтеу мерзімі – 19 жылға дейін.


Астана мен Алматыдан үй алу алуға ең көп дегенде 36 миллион теңге, басқа қалалар мен өңірлер үшін 30 миллион теңгеге дейін несие беріледі.


Өтініш берушінің және оның отбасының (жолдасы, кәмелет жасқа толмаған балалары) атында кейінгі бес жыл көлемінде баспанасы болмауы керек. Банкте жинаған кемі 2 миллион теңге депозиті болуы керек.


Қайрат Қожановтың айтуынша, 2025 жылы "7-20-25" ипотекалық бағдарламасының шартында да өзгеріс болады. Бұрын бұл бағдарламаға өтініш тапсырар кезде адамның атында тұрғын үй болмауы керек болса, 2025 жылғы өзгеріс бойынша, енді өтініш берушінің атында кейінгі 18 айда үй тіркелмеген болуы керек.


Мемлекет "7-20-25" ипотекалық бағдарламасына 2025 жылы 100 миллиард теңге бөлген.


Бұл несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 7 пайыз, алғашқы жарнасы – 20 пайыз. Оған жұмыс істейтін, басында несиесі жоқ кейінгі 18 айда үйі болмаған адамдар өтініш тастай алады. Бұл бағдарламамен ипотеканы Қазақстанның барлық дерлік екінші деңгейлі банкі береді.


Декларация

Жалпыға бірдей декларацияның төртінші кезеңі 2025 жылғы 1 қаңтардан басталуы керек болған. Яғни алдыңғы кезеңде қамтылмаған ересек азаматтардың бәрі декларация тапсыруы қажет еді. Бұл топқа жеке тұлғалар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер кіретін. Үкімет оларды табыс декларациясын өткізу міндетінен босатты.




Қарашаның ортасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде цифрландыру мен салық бақылауы күшейгенін айтып, үкіметке төртінші кезеңдегі азаматтарды міндеттеуді қайта қарауды тапсырған.


Десе де, Қазақстаннан тыс жерлерде активтері бар, бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК-тен (78,6 миллион теңге) астам қаржыға мүлік сатып алған азаматтар декларация тапсыруға міндетті.


Шәкіртақы

2025 – 2027 жылдарға арналған республика бюджетінде студенттердің шәкіртақысын 15-20 пайызға көтеру көзделген. Мемлекеттік шәкіртақының қалай өсетіні туралы үкіметтің қаулысында да жазылған.


Қаулыға сәйкес, 2025 жылы колледж студенттерінен басқалардың бәрінің шәкіртақысы өседі.