ru24.pro
World News in Kazakh
Декабрь
2024
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28
29
30
31

“Мектеп – балалар үшін мүмкіндіктер әлемі“: Оралда құндылық сағаты өтті

0

Жақында дәл осындай атаумен Орал қаласындағы маңдайалды білім ошақтарының бірі №37 орта мектепте құндылық сағаты өтті. Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин қатысты.
Мектеп дәлізінде қазақы киім киіп, сап түзеген оқушылар қонақтарды белгілі сазгер-әнші Ескендір Хасанғалиевтің "Атамекен" әнімен қарсы алды. Шақырулы тұлғаларды қарсылаған білім ошағының директоры Алтын Жұмағалиева Ұлттық құрылтайдың Атырау қаласында өткен үшінші алқалы жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" жалпыұлттық құндылықтарына негіздел-ген "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы қолға алынғанын атап өтті.

"Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде "Біртұтас тәрбие" бағдарламасын жаңарту оны алты құндылыққа негіздеп, өскелең ұрпақты сол бойынша тәрбиелеуге тапсырма берген болатын. "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы еліміздің білім беру мекемелерінде 2024-2025 оқу жылына арналған тәрбие жұмысының стратегиялық бағдары десек болады. Осы бағытта мектебімізде біраз жұмыс атқарылды. Бүгін жұма – Ұлттық киім күні. Өнегелі киім-кешектің өзі адамды парасатқа шақырады, тәрбиелейді. Сондықтан халқымыздың ұлттық айшықты ою-өрнектерінің әр түрін зерттеп, мектепте білім алып жүрген 2500 оқушыны талапқа сай киіндіруге тырыстық. Осы орайда бізге қолдау танытқан ата-аналарға ризашылығымызды білдіреміз", - деді Алтын Ғинаятқызы.

Ұлағатты ұрпақ ұлттың сапасын арттырады
Мектеп қонақтары "Біртұтас тәрбие" бағдарламасын жүзеге асыру алаңдарымен танысты. Қалалық, облыстық, республикалық ұлттық пікірсайыстардың жеңімпазы, 11-сынып оқушысы Расул Нұржанов құндылықтарды санаға сіңіріп, адал азамат, отаншыл ұрпақ болуға ұмтылып жүргенін алға тартты.

"Ұлттық бірегейлік, қоғамға қызмет, экологиялық мәдениет, құқықтық мәдениет және медиасауаттылық, буллингсіз әлем, тәрбие парадигмасын жаңарту тәрбие үштағанының идеологемаларына негізделген. "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық, тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, заң мен тәртіп құндылықтары 12 айда іске асырылады. Әр айда нақты құндылықтар аясында мазмұнды сабақтар, сынып сағаттары мен сыныптан тыс іс-шаралар жүзеге асады. "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы елімізді жаңартатын Президенттің сөзі "Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу" ұстанымына негізделген, - дейді ол.

Адам жанын игілікпен, ізгілікпен қуаттандырып, адами құнды қасиеттермен қанаттандыруға болады. Жаһандануға жұтылып кетпеудің де бір амалы – ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуда. Ұлағатты ұрпақ ұлттың сапасын құрайды. Осыны басты нысанаға алған мектеп ұжымы шәкірт санасына құндылықтарды сіңіру мақсатында жұмыла еңбек етуде. Бұл туралы №37 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-сарапшы Айзада Дүйсекенова айтып берді.

"Қазіргі таңда құндылыққа негізделген білім беру – заман талабы. Білімді тәрбиемен ұштастыра үйрету алдымен баланың көңілінен жол таба білуден басталады. Білім берудің басты мақсаты – құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи білімді меңгерген, бәсекеге қабілетті салауатты ұрпақ тәрбиелеу. "Біртұтас тәрбие" бағытындағы алты құндылықты бала санасына сіңіру үшін күнделікті жұмыстануымыз қажет. Ол үшін сабақтың басында, ортасында, аяғында құндылықты сіңіруге мақсат қоямыз. Яғни сабақ барысында ойындар ойнату, тренингтер өткізу ғибратты әңгіме, ұлағатты тұлғалар туралы пікір айту арқылы оқушыны ойландыруға тырысамыз. Мәселен, жаратылыстану сабағында қоршаған ортаны таза ұстау, айналаға қоқыс лақтырмау туралы әңгіме айтамыз. Тек айтып қоймай соны күнделікті жасап, әдетке айналдырамыз. Мектебімізде қоқысты қайта өңдеуге арналған жәшіктер қойылған. Оқушылардан үйде, мектепте қайта өңдеу белгісі бар қоқысты әкеліп, арнайы қойылған жәшікке салуды талап етеміз. Кейбір заттар қайта өңдеуге жатпайды. Мүмкіндігінше, кері өңделмейтін тауарды сатып алмауға кеңес береміз. Өйткені ол ауаны ластайды. Осының өзі балаларға қызық", - дейді оқушыларына түрлі ғибратты әңгімелер айтып, экологиялық мәдениетке тәрбиелеп жүрген Айзада Бисенбіқызы.

Ата-ана мен баланың арасы алшақтамасын деп...
Мектеп педагогтері қазіргі күнде бала мен ата-ананың арасы алшақтап бара жатқанын жасырмайды. Бұл бағытта 2023-2024 оқу жылынан бастап мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау жұмысы жүзеге асырылып келеді. Аталмыш білім ошағында үштік (ата-ана, мұғалім-оқушы) одақтың жұмысы жүйелі жолға қойылған. Биылғы оқу жылы-ның ерекшелігі – мектептегі іс-шаралардың басым бөлігі ата-аналарды қолдау аясында жүргізілуде. Мектеп ішінен арнайы ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылған. Орталықта ата-аналарға кеңес беру, ашық сөйлесу, пікірлесу, түрлі тренингтер, тәрбие сағаттары ұйымдастырылады. Біз барғанда да мектепте ата-аналардың қатысуымен "Отбасылық құндылықтар – бала тәрбиесінің негізі" атты тренинг өтіп жатты. Тағылымды шарада сөз алған ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин ата-аналарды өздері ұл-қызына үлгі болып кітап оқуға шақырды.

"Парасатты қоғамды парасатты халық, ал парасатты халықты көркем әдебиет қалыптастырады. Сондықтан балалар кітап оқу үшін, алдымен өздеріңіз оқып, үлгі көрсеткендеріңіз дұрыс. Біз рухани тұрғыда санасы сау ұрпақ тәрбиелеуге мән беруіміз керек. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде Мемлекет басшысының назарына шекаралық аудан-ауылдардың ахуалына зер салу, қазақ халқын діни ала-құлалықтан арылту, жеңіл өнеркәсіпті жандандыру, әскердегі тәртіпті нығайту мәселелерін ұсындым. Әскердегі тәртіпті нығайтып, ұл балаларды әскерге баруға тәрбиелеуіміз қажет. Өйткені қазақ мемлекетін, қазақ жерін қорғайтын тек қазақ балалары мен нағыз қазақстандықтардың ұлдары", - деді Бауыржан Файзоллаұлы.

Мектеп директоры Алтын Жұмағалиеваның айтуынша, "Біртұтас тәрбие" бағдарламасының оқушыларға берері мол.

"Мектепте үштік одақтың жұмысы жүйелі жолға қойылған. Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының ашылуы жұмысымызға жаңа серпіліс пен қызығушылық тудырды. Ата-аналар мектеппен тығыз байланыста болып, біртұтас тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүр. Оқу жылының басында "Отбасым – бақыт мекені" атты апталық жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, әр баланың отбасымен түскен суреттерін іліп, ұйымдастырған көрме оқушыларымызға ерекше әсер етті. Сондай-ақ "Анадан хат" жобасы аясында оқушы-лардың анасынан алған хатты оқыған кездегі көңіл толқыған сәттері де әсерлі болды. Ата-аналар "Балам оқитын мектептегі ұстазға тілек" жобасы аясында әлеуметтік желі арқылы мектеп ұстаздарына ақ тілегін арнап, жылы лебізін білдірді. Бұған да ұстаздар ұжымы болып, қуанып қалдық. Мектебімізде атқарылып жатқан жұмыс көп. Бұл бағыттағы іс-шараларымыз жалғаса береді", - дейді мектеп директоры.

Мектеп еріктілерінің өз миссиясы бар
"Жас дарын"халықаралық, республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпазы, №37 орта мектептің өзін-өзі басқару ұйымының президенті, 8-сынып оқушысы Інжу Аймауыт "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында түрлі жобалар іске асырылып жатқаны жөнінде баяндап, жоба аясында құрылған еріктілер тобымен таныстырды. Әлеуметтік жобаларды іске асырып жүрген "Зейінді ұрпақ", "Ізгілік қанаты", "Таза әлем", "Достық дәнекері", "Ынтымақ", "Қадам" деп аталатын топтардан құралған мектеп еріктілері өз мақсат-миссиялары жөнінде айтып берді. Бірі достықты, бірі білімді, бірі мейірімді насихаттайтын еріктілер тобының қатары көбейіп келеді екен. Соның ішінде "Қадам" атты еріктілер тобы Жұлдыз шағынауданындағы балалар алаңын тазалап, үлкендерді сенбілік жасауға шақырып, үлгі болып, көпшіліктің алғысын алып жүр.

"Еріктілердің атқарып жүрген іс-әрекеті сөздің тура мағынасында жанашырлық. Мысалы, биылғы көктемгі су тасқыны кезінде өңіріміздегі жастар ұйымы қамыққан жандарға көмек жасауға белсенді атсалысты. Еріктілердің қызметі тек қана төтенше жағдайда емес, күнделікті өмірде де қажет. Мәселен, мектеп ауласындағы ағай-апайларың еккен ағашқа, гүлдерге қамқорлықпен қарау, қурап тұрған ағашты суарып, оның жасыл желек жамылғанын көру – сіздердің көңілдеріңді көтереді. Әрдайым тең құрбыларыңның алды болыңдар айналайындар", - деп жеткіншектерге ізгі ниетін білдірген Бауыржан Файзоллаұлы жас өрендерді телефонға үйір болмай, кітаппен дос болуға шақырды.

Түйін
Білім ошағының іші жылы да жинақы. Қабырғасы қанатты сөздерге толы. 1200 оқушыға арналған мектепте бүгінгі таңда 2500 оқушы білім алуда. №10 шағынауданның тұрғындары көбейе түскен. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың жаңа үйлерге қоныстануына байланысты бала саны көбейген. Соған қарамастан мектепте "Оқимын" деген шәкіртке бар жағдай жасалған. №37 орта мектепте "Атамекен" әнімен басталған саяхат әжелер даналығымен түйінделді. Бұл мектептің ата-аналары ғана емес, әжелері де белсенді екен. Қаршадайынан ұлттық тәрбиемен сусындап өскен ұрпақтың болашағы айқын болары анық.
Гүлжамал Жолдығали
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!