ru24.pro
World News in Kazakh
Декабрь
2024
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26
27
28
29
30
31

Семейде қаладағы шыршаны құруға барған мұғалім биіктен құлап жараланды

0
Семей қаласында Жаңа жыл мерекесіне арналған шыршаны құруға барған мұғалім биіктен құлап, ауруханаға түсті. Абай облысының білім басқармасы осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіп, қаладағы білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Әлеуметтік желіде мұғалім 4-5 метр биіктен құлады деген ақпарат тарады.


"Семейде қалалық шыршаны безендіру кезінде жазушы, ұстаз Қуат Айтқали досымыз аяқ асты жоғарыдан құлап, жансақтау бөліміне түсті. Ол №49 мектепте жұмыс істейді. Қазір науқастың жағдайы ауыр", – деп жазды ақын Біржан Ахмер 22 желтоқсанда Facebook-тегі парақшасында.


Қуат Айтқалидің әйелі Сымбат Аянқызының Азаттыққа айтуынша, оқиға сенбі, 21 желтоқсанда болған. Екі күн жансақтау бөлімінде жатқан мұғалім бүгін, 23 желтоқсанда оянған.


"Басына ота жасалды, қазір есін біледі", – деді Сымбат Аянқызы.


Оның айтуынша, мұғалімдердің шырша құруға баратыны телефонмен ауызша айтылған, қағаз жүзінде құжат болмаған.


"Қаладағы басқа мектептерден де мұғалімдер барды", – деді ол.




Азаттық сөйлескен №49 мектеп директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дәлелханұлы мұғалімнің шырша құруға барғанынан хабарсыз болғанын айтты. Сөзінше, білім бөлімі бұл жайлы директорға хабарласқан.


Дәлелханұлы мектеп директоры "аяғы сынып, 17 желтоқсаннан бері емделіп жатыр" деді. Айтуынша, безендіру жұмысына №49 мектептен екі ер мұғалім барған. Соның бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қуат Айтқали.


"Мен оларды жұмсаған жоқпын. Ол жаққа барғанын мұғалім құлап, ауруханаға түскен кезде ғана білдім. Бұған дейін мұндай жағдай болмаған, бірінші рет болып тұр", – деді Дәлелханұлы.


№49 мектеп директоры әзірге телефон тұтқасын көтермеді.


Дүйсенбіде Абай облысының білім басқармасы қызметтік тексеріс нәтижесінде Семей қаласындағы үш мектептің мұғалімдері жаңа жылдық шыршаны безендіруге заңсыз тартылғаны анықталды деп хабарлады.


"Директорларға қатаң тәртіптік шара қолданылды. Қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды", – деп мәлімдеді басқарма.


Бұл жағдайды бақылауға алған Қазақстанның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімге медициналық көмек көрсетіліп жатыр деп хабарлады. Педагогтерді шырша безендіру секілді кәсіби міндетіне жатпайтын жұмысқа тарту – "Педагог мәртебесі туралы" заңды өрескел бұзу деп санаймын деді министр. Бейсембаев білім басқармалары мен бөлім басшыларына ескерту жасады.




Мәжіліс депутаты және бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұндай жағдайды жай ғана "жаңсақтық" деп қарастыруға болмайды деді. Ол мұғалімдерді "жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп тарту сияқты ескі "дәстүрлерден" біржола бас тартуымыз керек" деген үндеу тастады. Аймағамбетовтің сөзінше, мұғалімдерді тікелей міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет.