ru24.pro
World News in Kazakh
Декабрь
2024
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24
25
26
27
28
29
30
31

"Шыршаға қатысы жоқ": Семей қаласының әкімі ауысты

0
23 желтоқсанда Абай облысының орталығы Семей қаласының әкімі ауысты. Мұның алдында қаладағы шыршаны безендіру жұмысына тартылған мектеп мұғалімі биіктен құлап, ауруханаға түскен. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азаттыққа қала басшысы өз еркімен қызметінен кетті, мұның "шыршаға қатысы жоқ" деп хабарлады.


Нұрбол Нұрсағатов Семей қаласының әкімі лауазымына 2022 жылғы қазанда тағайындалған. Оған дейін облыс әкімінің орынбасары болған.


"Нұрбол Төлегенұлының жұмыстан кетуіне шыршаның қатысы жоқ. Ол кісі бір апта бұрын өз еркімен жұмыстан кету жөнінде өтініш жазған. Бүгін жаңа әкім тағайындалды", – деді Семей қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айдана Тілеуғабылова Азаттыққа.


Нұрсағатовтың орнына бұған дейін Бесқарағай ауданының әкімі болған Талғат Мұратов келді. Ол әр жылдары облыстағы Жарма ауданы әкімінің орынбасары, сол ауданның қала құрылысы бөлімінің жетекшісі, Семейдегі "АТФ Банк" акционерлік қоғамы филиалының бөлшек сауда орталығы бөлімшесінің басшысы болған.


"Власть" сайтының хабарлауынша, биыл Семейде қаланы Жаңа жылға орай безендіруге 30 млн теңге жұмсалады деп жоспарланған.


Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Есенжоловтың сөзінше, биыл қалаға 25 миллион теңгеге жаңа шырша сатып алынған. Бірақ шыршаның өзі мен оны қалаға жеткізуге ғана қаржы бөлінген, ал оны құрып, безендіруге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің күштері, еріктілер тартылған. Есенжоловтың айтуынша, еріктілер биікте жұмыс істемеу керек болған. Бұл туралы жергілікті Arnapress.kz сайты жазды.


"Шырша сатып алуға қаржы қарастырып, оны құруға ақша неге бөлінбеді?" деген сұраққа әкімдік бұл "екі түрлі нәрсе" деп жауап берді. Әкімдік "бәрі конкурс бойынша шешілген, шырша безендіруге ақша қарастырылмаған" деген.




21 желтоқсанда Семей қаласында Жаңа жыл мерекесіне арналған шыршаны құруға барған мұғалім Қуат Айтқали биіктен құлап, ауруханаға түскен. Екі күн жансақтау бөлімінде жатқан мұғалім 23 желтоқсанда есін жиған. Әйелінің айтуынша, оның басына ота жасалған.


Оның сөзінше, қаладағы мұғалімдердің шырша құруға баратыны телефонмен ауызша айтылған, қағаз жүзінде құжат болмаған.


23 желтоқсанда Абай облысының білім басқармасы осы оқиғаға байланысты қызметтік тексерістен соң Семей қаласындағы үш мектептің мұғалімдері жаңа жылдық шыршаны безендіруге заңсыз тартылғаны анықталды деп хабарлады.


"Директорларға қатаң тәртіптік шара қолданылды. Қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды", – деп мәлімдеді басқарма.


Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім басқармалары мен бөлім басшыларына ескерту жасады. Мәжіліс депутаты және бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұндай жағдайды жай ғана "жаңсақтық" деп қарастыруға болмайды деді.