ru24.pro
World News in Kazakh
Декабрь
2024
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Перизат Қайраттың мүліктеріне тыйым салынды

0
Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайраттың жылжымайтын мүліктері мен заттарына сот шешімімен тыйым салынды деп хабарлады қаржы мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі. 


Ведомствоның мәліметінше, Перизат Қайрат көктем кезінде су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сонымен бірге Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген. 


Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, сот "қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астана қаласындағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, "Көк Жайлау", Sensata Plaza кешені, сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлік, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автомобильдеріне тыйым салуға" рұқсат берген. 


"Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және тағы басқа танымал әлемдік брендтердің киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленді" деп жазылған хабарламада. 


ҚМА тергеу жалғасып жатқанын айтады. 


Перизат Қайраттың ұсталғаны қараша ортасында хабарланған. Ізінше Астананың тергеу соты оны екі айға қамауға рұқсат берген.


Biz Birgemiz қоры әзірге түсініктеме бермеді. Перизат Қайраттың туыстары мен жақындарынан да әзірге ақпарат түспеді. 


Biz Birgemiz Qazaqstan қоры жетекшісінің қаржы жымқырғаны туралы ақпарат үкімет қайырымдылықты мемлекет бақылауына алуды ұсынып жатқан тұста пайда болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынып отырған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, қайырымдылық ұйымдары мемлекеттік органдардан аккредитациядан өтуге тиіс, аккредиттелген қорлар алынған қаражат, олардың жұмсалуы, іске асырылған жобалар туралы ақпаратты бірыңғай цифрлық платформада жариялауға міндетті.


Кейбір қайырымдылық ұйымдары жобаға алаңдаушылық білдіріп, мемлекет қайырымдылықтың дамуына кедергі жасауға тырысып отырғанын, билікке адал емес ұйымдарды заңсыз деп тануға талпынып жатқанын атап өтті.