ru24.pro
World News in Kazakh
Декабрь
2024
1 2 3 4 5 6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Ақтөбеде дәрігер әйелді өлтірген жігітке шығарылған үкім күшінде қалды

0
2 желтоқсанда Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы Мөлдір Томарованы пышақтап өлтірген Ерлан Ерғалиевтің іс материалдарымен танысып, бастапқы инстанциядағы сот үкімін күшінде қалдырды. Апелляцияға екі тарап та шағымданған. Ерғалиев өзіне сот кескен 22 жыл жазаны тым ауыр десе, жәбірленуші тарап тым аз деп санайды.


– Қызымды өлтірген адамға өмірлік түрме жазасын кесуді сұрағанмын. Бұрын сотталмаған, қылмысты ішінара мойындады деп 22 жыл берді. Апелляция алқасына шағымданған кезде "тым болмаса, 25 жылға сотталса" деген үмітім болған. Сот үкімді өзгертпеді. Қылмыскер оқиға орнынан қашып бара жатып, полиция қызметкеріне пышақ жұмсаған. Бірақ ол билік өкіліне күш көрсеткенін, қызымды зорлағанын мойындамай отыр. Әлі нақты шешім қабылдай қойған жоқпын. Бірақ Жоғарғы сотқа шағымдануым да мүмкін, – деді кісі қолынан өлген дәрігердің әкесі Қалыбай Томаров.


Сотталушының адвокаты Гүлнара Өтеуова Азаттық тілшісінің телефон қоңырауына жауап бермеді. Осыған дейін берген сұхбатында ол "тергеу айыптау сарынында жүргізілді. Қосымша тергеу амалдарын жүргізу туралы өтінішіміз ескерілмеді. Соның бәрі соттың ауыр жаза кесуіне әкеп соқты" деген.




Тергеу материалдарына сәйкес, Атырау облысының тумасы Ерлан Ерғалиев Ақтөбедегі облыстық аурухананың дәрігер-эндокринологы Мөлдір Томаровамен әлеуметтік желіде танысқан. Атыраудан Ақтөбеге арнайы келген жігіт дәрігерге көңіл білдіре бастаған. "Үйіне гүл жіберіп, жұмыстан күтіп алып, қыр соңынан қалмай қойған" жігіттен мезі болған әйел полицияға шағым жазған.


Соның негізінде 2023 жылғы 6 маусымда Томарованы қорғау нұсқамасы берілген. Бұл құжатқа сай, Ерғалиев Томарованы мазаламауға тиіс болған. Алайда қорғау нұсқамасының талаптары сол күні бұзылған. 2023 жылғы 7 маусымда Ерғалиевтің ісін қараған Ақтөбенің әкімшілік соты оған ескерту жасаған.


Қайғылы оқиға 2024 жылғы 22 сәуірде дәрігер әйелдің қызмет пәтерінде болған. Тергеу 35 жастағы Ерғалиев дәрігерді өлтіруге алдын ала дайындалып барған деп санайды. Айыптау актісіне қарағанда, ол құрылыс дүкенінен ұзындығы 2 метр жиналатын саты сатып алып, екінші қабаттағы балконнан Томарованың үйіне кірген. Таңғы төрт шамасында әйелді зорлап, жүрек тұсына 24 рет пышақ сұққан.


Кісі қолынан мерт болған әйелдің әкесі Қалыбай Томаров "соққының күшті болғанын" айтады. Томарованың шыңғырған даусын естіген көршілері полиция шақырған. Оқиға орнынан қашар алдында Ерғалиев полиция қызметкерін де жаралаған.


Бұл іс бойынша сот процесі жабық өтті. Ерлан Ерғалиев Қылмыстық кодекстегі "Адам өлтіру", "Зорлау", "Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу", "Билік өкіліне күш көрсету" баптары бойынша айыпталып сотталды.


Прокуратура Ерғалиевті 25 жылға түрмеге қамауды сұраған. Сот оның қылмысты ішінара мойындағанын, бұрын сотталмағанын ескеріп, 22 жыл түрме жазасын кесті. Сот үкімі күшіне енсе, Ерғалиев жәбірленуші тарапқа 20 млн теңге моральдық шығын төлеуге тиіс.