Теңгенің әлсіреуі: үкімет маңызды мәлімдеме жасады
Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәлсихатында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров валюта нарығындағы ахуал мен оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері туралы мәлімдеді.
"Соңғы бірнеше аптада валюта нарығында белгілі бір ауытқулар байқалып, ұлттық валюта бағамы әлсірегені атап өтілді. Осыған байланысты, азаматтар мен бизнестің алаңдаушылығын ескере отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдап жатыр", - делінген хабарламада.
Нұрлан Байбазаров ұлттық валюта бағамының түзетілуі тек сыртқы фундаменталды факторлардың ықпалынан туындаған құбылыс екенін атап өтіп, олардың негізгі үшеуіне тоқталды:
соңғы айларда жаһандық доллар индексінің күшеюі;
мұнайдың әлемдік бағасының біршама төмендеуі;
Ресей рублінің әлсіреуі. Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі екенін ескере отырып, рубль бағамындағы ауытқулар теңге бағамына әсер етуі мүмкін.
"Мұндай жағдайда Үкіметтің басты міндеті – азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайының нашарлауына жол бермеу, олардың әл-ауқатын қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлерге келетін теріс әсерді азайту. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру және барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Үкіметтің бұл үшін жеткілікті ресурстары мен құралдары бар", - деді Байбазаров.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!