Жетісуда екі әкім мен мектеп директоры жазаланды
Жетісу прокурорлары мүгедектігі бар адамдар мен көпбалалы аналардың құқықтарын бұзған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жетісу облысының ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы аналардың, "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Ана даңқы" және басқа да марапаттарға ие болған аналардың жалақыларынан міндетті төлем сомаларын заңсыз ұстап отырған.
"Прокуратура "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заңның талаптарына сәйкес азаматтардың аталған санаты үшін мұндай жарналарды мемлекет төлейтінін жеткізді. Алайда, соған қарамастан, кейбір жұмыс берушілер тарапынан қолдауға мұқтаж 166 азаматтың жалақысынан 5,5 миллион теңгеден астам қаржы заңсыз ұсталғаны белгілі болды", - делінген хабарламада.
Жетісу облысы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша аталған азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, заңсыз ұсталған қаржыны қайтару рәсімі басталды.
"Кінәлі лауазымды тұлғалар, оның ішінде екі ауылдық округтің әкімі мен бір мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды".
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!