ru24.pro
World News in Kazakh
Ноябрь
2024
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Тбилисиде сайлау қорытындысын қайта қарауды талап еткен оппозиция акциясы өтті

0
17 қарашада Тбилисиде Грузия парламенті ғимараты жанында оппозициялық партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар 26 қазандағы парламент сайлауындағы заң бұзу және бұрмалауға наразылық білдіріп, "Өз дауысыңды қайтар!" деген тақырыпта акция өткізді. Грузия Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметінше, билікте отырған "Грузин арманы" партиясы 54 пайыз дауыс жинап, озып шыққан. Батысшыл төрт оппозициялық коалицияға сайлаушылардың шамамен 37 пайызы дауыс берген.


Митинг кезінде үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен бақылаушылары, оның ішінде "Халықаралық ашықтық – Грузия" және "Әділ сайлау" ұйымдары 26 қазанда билік қолданды деген сайлауды бұрмалау әдістерін егжей-тегжейлі сипаттайтын видеолар көрсетіп, құжаттар таратты.


Парламент маңына жиналғандар дауыс беру құпиясы бұзылғанына назар аударды. Сайлау учаскелерінде азаматтарға арнайы қалам берілген. Қалам ізі бюллетеннің арт жағынан көрінген. Кез келген адам, соның ішінде билік партиясының бақылаушылары сайлаушының кімге дауыс бергенін байқап, анықтай алған деп айтылды.


Бұдан бөлек, сайлаушылар қалауын бақылауға байланысты дәлелдер ұсынылды. Билікті сынайтындардың сөзінше, биліктегі партия жалдаған адамдар сайлаушыларға хабарласып, қоқан-лоқы жасаған.




Ұйымдастырушылар сайлаушыларға пара беру оқиғалары болғанын, оның ішінде дауыс бергендерге біржолғы жәрдемақы берілгенін айтып берді.


Оппозициялық коалициялар коммерциялық емес ұйымдармен бірге сайлауға дейін және сайлау кезінде болған заң бұзу, алаяқтық пен айла-шарғылар бойынша халықаралық тергеуге қол жеткізгісі келетінін, сондай-ақ Еуроодақ бақылауында жаңадан дауыс беру өткізгісі келетінін растады.


Оппозиция өкілдері қолдаушыларға парламент жұмысына бойкот жариялауға және қажет болған жағдайда мандаттардан бас тартуға уәде берді.


Бұған дейін парламенттегі көпшілік жетекшісі Мамука Мдинарадзе электронды дауыс беру машиналары әлемнің көптеген елінде қолданылады, ал Грузия ОСК бюллетендерін толтыруға қағаз бен қаламды тәжірибелі Батыс компаниялары ұсынды деп айтқан.


Жексенбі күні Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе жаңадан сайланған парламенттің алғашқы отырысы "сырттан басқарылатын күштер қарсылығына қарамастан" 25 қарашада өтеді деп мәлімдеді. Кобахидзе ерте ме, кеш пе барлық оппозиционер сайлауда жеңілгеніне көніп, заң шығарушы органда жұмыс істей бастайтынына сенімді.