1,2 миллиард теңгенің ұрлығы: Алмасбек Садырбай ұсталды
ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбай ұсталды. Ол аса ірі мөлшердегі алаяқтық әрекет жасады деген күдікке ілінген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деп күдіктеліп отыр. Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды", - делінген хабарламада.
Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілген.
"Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды. Осылайша 1,2 миллиард теңгеден астам қаражат ұрланған. А.Садырбай ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында".
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жарияланбайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!