Павлодарда тәрбиеші мүгедектігі бар балаларды соққыға жыққан
Бас прокуратура Павлодардағы әлеуметтік мекемесінде мүгедектігі бар балалардың соққыға жығылғаны туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар облысында "Бақытты және қауіпсіз балалық шақ" жобасын іске асыру жалғасып жатыр, оның аясында қадағалау органы зорлық-зомбылық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттердің қаупі бар "тәуекел аймағындағы" балаларды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Облыс прокуратурасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда тұратын кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексеру жүргізіп жатыр.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық балалар орталығы" КММ-нің бейнебақылау камераларын қарау кезінде тәрбиешінің кәмелетке толмағандарды ұрып-соққанын анықтады.
Бұл - денсаулық жағдайы бойынша дәрменсіз және психоневрологиялық патологиясы бар үнемі күтімді қажет ететін балалар.
Кәмелетке толмағандарды қинау белгілері бойынша орталықтың қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, ол полиция департаментіне тапсырылды.
Тексерулер жалғасып жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!