Тарих мұғалімі Астананың білім басқармасын сотта жеңіп шықты
Елордалық тарих пәнінің мұғалімі қалалық білім бөлімі үстінен сотқа арыз берді. Сотқа талап қоюға біліктілік санатын беруден бас тарту себеп болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана Білім басқармасы тарих пәні мұғаліміне "мұғалім-модератор" біліктілік санатын беруден бас тартқан. Педагогтерді аттестаттау бес жылда бір реттен кем емес өткізілетіндігі негізге келтіріліп, арыз қанағаттандырылмаған. Ұсынылған еңбек кітапшасына сәйкес арыз иесінің бес жылдық мұғалімдік өтілі болмаған.
"Бұл шешіммен келіспеген мұғалім қорғау үшін Астана мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінген. Істі қарау кезінде сот келесі жайтты анықтады. Педагогтерді аттестаттау ережелері мен талаптарына сәйкес біліктілік санатын беруге өтінішті екі жылдан кем емес педагогикалық өтілі бар тұлғалар бере алады. Талап қоюшының еңбек өтілін зерделеу оның екі жылдан астам мұғалімдік тәжірибесі бар екенін растады. Сот талап қоюшының біліктілік санатын көтеруден бас тартуға заңды негіздер жоқ деген қорытындыға келді", - делінген хабарламада.
Аттестаттау комиссиясының хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Ол заңдылықтың негізгі қағидасын бұза отырып шығарылған, өйткені заңда екі жылдық жұмыс өтілі туралы талап тікелей қарастырылған. Мұғалімнің санатты жоғарылату құқығы қалпына келтірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!