«Starlink» жобасы: Жамбыл облысында 53 мектептің интернет жылдамдығы артады
Жамбыл облысында «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 53 мектептің «Starlink» технологиясына қосылғанын хабарлады. Елімізде бастау алған бұл жоба интернет жылдамдығын көтеруге ықпал етеді.
Айта кетейік, аймақтағы мемлекеттік мектептердің барлығы интернет желісімен қамтылған.
Интернет жылдамдығы (20 мегабит/сек) жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 97,4 пайызға артты (2023 ж. – 63%).
— Алдымызда 12 мектепті кемінде 20 мегабит/сек жылдамдықтағы интернетке қосу міндеті тұр. Бұл мәселені білім және цифрлық технологиялар басқармасы бірлесіп шешуі қажет, – деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев білім басқармасына мектептердегі компьютерлерді жаңартып, істен шыққан техникаларды есептен шығаруды, Тараз қаласы мен аудан орталығында орналасқан білім беру ұяларына бірегей ID карта аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізуді тапсырды.
Өңір басшысы кеңесте білім беру саласын цифрландырудың маңыздылығына тоқталып, бұл – сапалы білім берудің тетігі екенін атап өтті.
— Білім беру саласындағы цифрландыру жас ұрпақты жан-жақты біліммен қарулануға және түрлі ақпараттарға талдау жасауға көмектеседі, ресурстарға жол ашады, заманауи технология мен оқу әдістемесін бірегейлендіруге мүмкіндік береді.
Білім беру ісіндегі цифрландыру – дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, білімі терең, ойы озық ұрпақ тәрбиелейтін әрбір педагогке үлкен жауапкершілік жүктейді, – деп атап өтті аймақ басшы.
Сообщение «Starlink» жобасы: Жамбыл облысында 53 мектептің интернет жылдамдығы артады появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.