ru24.pro
World News in Kazakh
Июнь
2024

Атырауда баланы ескерткіш басып қалды: әкім қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді

0

Атырауда 7 жасар қыздың өліміне әкеп соққан төтенше жағдайдан кейін барлық ескерткіш тексеріледі. Ескерткіш басып қалған бала көз жұмды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға 26 маусымда сағат 00:40 шамасында Атыраудағы Жеңіс саябағындағы алаңда болды. 2017 жылы туған қыздың үстіне ескерткіш құлаған. Ол алған жарақатының салдарынан облыстық балалар ауруханасында көз жұмды.
Atpress.kz мәліметінше, оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр. Атырау әкімі Шәкір Кейкин оқиға туралы айтты. Ол төтенше жағдайға ауа райының қолайсыздығы себеп болуы мүмкін дегенді жоққа шығарды. Бұған дейін Атырауда қатты жаңбыр жауып, жел соққаны айтылған болатын.

"Мен өзім тәжірибелі құрылысшымын, сондықтан мұндай ауыр бюсттің құлауы мен үшін де жұмбақ болып тұр. Қазір қайғылы оқиға орнына мамандарды шақырдым. Мен оны орнынан жылжытуға тырысып көрдім, қозғалмайды. Сондықтан, менің ойымша, бұл құрылым желдің әсерінен құлап кете алмады. Жеңіс саябағында орнатылған барлық ескерткіш пен бюстті тексереміз", - деп түсіндірді Шәкір Кейкин.

Әкім жағдайды бақылауда ұстайтынын атап өтті. Ресми деректерге сүйенсек, Атыраудағы Жеңіс саябағында "Еске алу аллеясы" 2020 жылы ашылған. Онда Ұлы Отан соғысы батырларының - Кеңес Одағы батырларының, халық батырларының және "Даңқ" орденінің толық кавалерлерінің 14 бюсті орнатылған. Плиталардың бірі қызға құлап кеткен.

"Бюсттер ардагерлердің есімдері жазылған гранит тұғырларға орнатылған. Барлық 14 бюст Орал қаласында кәсіпкерлер мен демеушілердің қаражатына дайындалды. Мемлекет бір тиын да жұмсамады", - деді қала әкімі.

Еске салайық, аталған факт бойынша тергеу жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!