Президент тапсырмасымен Қошанов Иран басшысымен қоштасу рәсіміне қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Иран Ислам Республикасына жұмыс сапармен барды. Тегеранда Ерлан Қошанов Президент Ибрахим Раисидың қайтыс болуына байланысты көңіл айту және құрмет көрсетуге арналған іс-шараға қатысты.
Бүгін Иран халқы тік ұшақ апатынан қайтыс болған Президент Ибрахим Раисимен қоштасты. Президенттер сарайында өткен көңіл айту және құрмет көрсетуге арналған іс-шараға Қазақстан делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды.
Палата спикері Иран Ислам Республикасы вице-президенті Мохсен Мансуримен және мемлекеттің жоғары саяси басшылығымен кездесіп, Қазақстан Президентінің атынан бүкіл Иран халқына, сондай-ақ қаза тапқан адамдардың отбасыларына көңіл айтты.
"Біздің Президентіміз бұл суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алды. Иранның Жоғары лидері Әли Хаменеи мен Иран халқына қөңіл айту хаттарын жолдады. Сонымен қатар, кеше Иранның Астанадағы Елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Ибрахим Раиси Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сенімге негізделген достық байланыстардың дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде біздің жадымызда сақталады", - деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың достас Иранмен сенімді серіктестік пен тығыз әріптестікті нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.
"Осындай қиын кезеңде Астанадағы елшілігімізге барып, біздің халқымызға қолдау көрсеткені және Иранның Жоғары лидері Әли Хаменеи мен халқымызға қөңіл айту хаттарын жолдағаны үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымыз шексіз. Мұны ешқашан ұмытпаймыз. Алдағы уақытта қарым-қатынасымызды да дамыта беруге мүдделіміз", - деді Мохсен Мансури.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!