Офицерлер декретте. Жалақы 120 мың теңге - Қорғаныс саласында не болып жатыр
Күні кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында ауқымды талқылау жүрді. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Президент үндеуін оқыды. Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгершілік контингентіне 430 әскерге дейін жіберу жоспары бар. Ол БҰҰ миссияларына қатысу шеңберінде жүзеге аспақ. Отырыста Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Қазақстанның БҰҰ жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі миссияларының жауапты қатысушысы ретінде таныла білгенін, аз уақытта халықаралық бітімгершілік процестерде озық позицияларға ие болғанын атап өтті. Алайда дәл осы атап өткен мәселені көтерген төрайым Jibek Joly арнасындағы «Уәде» бағдарламасында еліміздің қорғаныс саласына бөлінетін қаржы ЖІӨ-нің 1%-ына да жетпейтінін, көрші елдердің барлығында жоғары, тек бізде ғана ең аз бөлінетінін айтты. Тіпті қаржының аз бөлінуі себебінен техникаларымыз да әлі ескі, жаңармаған. Қарапайым оқ-дәрілеріміздің өзі жетіспейтін болып шықты. Бұған дейін тек Ресейден оқ-дәрі алып келген Қазақстан енді санкцияға ілінген көрші елден де ештеңе ала алмай отыр. Бұл қалай? БҰҰ алдында абыройды асқақтата беру басқа, қорғаныстағы, әскердегі басты проблеманы шешу мүлде басқа мәселе емес пе?..