ru24.pro
World News
Ноябрь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Жаңа iPhone-ды верификациядан өткізе алмай жүргендер не істеуі керек?

0

Қазақстан азаматтары шетелден сатып алынған iPhone құрылғыларын верификациялаудағы қиындықтарға шағымданып жатыр, Tengri Life жағдайды анықтап көрді.
Әлеуметтік желідегі шағымдар
Бірі деректердегі қате салдарынан IMEI-кодты растай алмай отырса, енді бірі әрекет санының шектелуіне тап болған, ал кейбіреулеріне eGov Mobile-да құрылғы тіркелгені көрініп тұрса да, верификациядан өтуді талап ететін SMS хабарламалар әлі де келіп жатыр.
"Тығырыққа тірелдік"
Threads қолданушыларының бірі әпкесі АҚШ-тан сыйлыққа әкелген жаңа iPhone-ды үш күннен бері верификациялай алмай жүргенін айтты. Оның сөзінше, телефон ресми түрде сатып алынған, барлық чек мен растаушы құжаттар қолында бар.
Скриншот: Threads
Алдымен жүйе IMEI қосылмағанын хабарласа, кейін өтініш берушінің ЖСН-і құрылғы иесінің деректерімен сәйкес келмейтінін көрсеткен.
Анықтама: IMEI верификациясы - бұл мобильді құрылғының бірегей сәйкестендіру нөмірін (IMEI) тексеру және растау. Қазақстанда бұл рәсім телефонның заңды жолмен әкелінгенін және белгіленген талаптарға сәйкестігін растау үшін қажет. Қарапайым тілмен айтқанда, верификация телефонның жүйеде тіркелгенін, ұрланған немесе бұғатталған құрылғылар тізімінде жоқ екенін тексеруге мүмкіндік береді.
1414 байланыс орталығында оған SIM-картаны әпкесінің ЖСН-іне рәсімдеуге кеңес берген. Әйелдер бұл ұсынысты орындағанымен, тағы бас тарту жауабын алған.
"Тығырыққа тіркелдік: байланыс орталығының барлық ұсынысын орындасақ та, мәселе шешілмей жатыр", - деп шағымданды қазақстандық әйел.
Бір IMEI верификацияланған, екіншісі өтпеді
Тағы бір қолданушы eGov Mobile-да iPhone-ы верификацияланған болып көрінетінін айтты. Соған қарамастан, оған 17 қарашаға дейін рәсімнен өту талап етілген SMS хабарлама әлі келіп жатыр.
Скриншот: Threads
Сайттағы қосымша тексерістен кейін құрылғының екінші IMEI-коды верификацияланбағаны анықталды. Әйел өтінішті қайта бере алмаған: жүйе әрекет лимиті таусылғанын хабарлаған.
"Дерек дұрыс көрсетілген"
Тағы бір қазақстандық АҚШ-тан сатып алынған телефонды 17 қазаннан бері верификациялай алмай жүргенін хабарлады. Әрекет жасаған сайын жүйе "Кейбір деректер қате көрсетілген" деген хабарлама шығарады. Әйелдің айтуынша, бұл ретте ол деректерді дұрыс енгізіп жатыр.
Ол 1414 байланыс орталығына хабарласқан, бірақ мәселені шешудің нақты алгоритмін ала алмаған. Ақыры оған imei.kz электрондық поштасына хат жазуға кеңес беріп, жауап бес күн ішінде келетінін айтқан.
Скриншот: Threads
Әйелдің айтуынша, жазба жарияланған сәтте сегіз күн өтсе де, әлі ешқандай жауап алмаған.
Қазақстан азаматы бұл телефонды құрылғыны және өз SIM-картасын пайдаланып жүрген інісіне сатып алған. Алайда, оған смартфонды АҚШ-тан өзі алып келгендіктен, верификациядан да өзі өтуі тиіс екенін түсіндірген.
"Неге сапалы қызмет ала алмаймын?"
Тағы бір қолданушы 22 қазаннан бері арнайы портал арқылы да, eGov Mobile арқылы да IMEI-ді тіркей алмай жүргенін айтты. Оның сөзінше, 24 қазанда 1414-ке берілген өтініші жауапсыз қалған. Порталдың электрондық поштасына жазған хаттары да көмектеспеген.
Скриншот: Threads
"Қазақстан азаматы бола тұра, неге мен сапалы қызмет ала алмаймын?" - дейді әйел.
Барлық жағдайда қолданушылар бір нәрсеге шағымданады: жүйе қате шығарады, ал қолдау қызметі мәселені шешуге көмектеспейді.
IMEI-ді верификациялауда неге қиындық туындайды?
Tengrinews.kz пікір алу үшін IMEI-верификация жүйесін жеткізушіге хабарласты. Компания өкілдері бас тарту себептерін және мұндай жағдайлардағы іс-қимыл тәртібін түсіндірді.
Компания мәліметінше, 2026 жылғы 9 қазаннан бастап Қазақстанда мобильді құрылғыларды верификациялау мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Өтінішті portal.imei.gov.kz порталында немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы беруге болады. Жаңа тетік мемлекеттік базалардан қажетті мәліметтерді, соның ішінде шекарадан өту туралы ақпаратты автоматты түрде алуға мүмкіндік береді.
Екінші IMEI-ді жеңілдетілген верификациялау неге тоқтатылды?
Екінші және үшінші IMEI-ді жеңілдетілген верификациялау алаяқтық схемаларға байланысты тоқтатылды.
Кейбір қолданушылар бұл рәсімді басқа құрылғыларды бұрыннан тіркелген телефондардың қосымша IMEI-і ретінде верификациялау үшін пайдалана бастаған. Бұл құрылғыларды әкелу мен сатып алу заңдылығын тексеруден айналып өтуге мүмкіндік берген. Осыған байланысты жеңілдетілген рәсім бойынша өтініш қабылдау уақытша тоқтатылды.
Бұл мүмкіндік телефонды әкелу мен сатып алу заңдылығына қатысты құжаттарсыз-ақ қосымша IMEI-ді растауға мүмкіндік беретін. Ол бірнеше SIM-картасы мен eSIM-і бар смартфондарға да қатысты болған еді.

"Құрылғысының IMEI кодтарының бірі бұрын желіде тіркелген пайдаланушылар SIM-картаны немесе eSIM-ді бұрын тіркелген IMEI арқылы пайдалану мүмкіндігі туралы кеңес алу үшін өздерінің ұялы байланыс операторына жүгіне алады", - деп түсіндірді компания өкілдері.

Енді жаңа құрылғыларды әкелген кезде бір телефонның барлық IMEI кодын бір өтінімде көрсету қажет. Олар белгіленген тексерістен жалпы тәртіпте өтеді.
IMEI-ді верификациялау кезіндегі қатені қалай түзетуге болады?
Әр жағдайға жеке іс-қимыл тәртібі қарастырылған.

"IMEI желіге қосылмаған"

Мұндай хабарлама жүйеде IMEI қазақстандық байланыс операторы желісінде пайдаланылғаны туралы мәлімет жоқ екенін білдіреді.
Жағдайды түзету үшін ЖСН-ге рәсімделген қазақстандық оператордың SIM-картасын немесе eSIM-ін орнатып, қосу керек. Жүйеде тиісті мәліметтер пайда болғаннан кейін өтінімді қайта беру қажет.

"Өтініш берушінің ЖСН-і құрылғы иесіне сәйкес келмейді"

Бұл жағдайда өтініш берушінің ЖСН-і телефонда қолданылатын абоненттік нөмір тіркелген ЖСН-мен сәйкес келмейді.
Нөмір өтініш берушінің атына рәсімделгенін тексеру қажет. Егер деректер сәйкес келмесе, өзектендіру үшін байланыс операторына жүгіну керек.

"Деректер қате көрсетілген"

Бұл қате өтінімнің бір немесе бірнеше жолағы дұрыс толтырылмаған жағдайда туындайды. Мұндай кезде ЖСН-ді, құрылғы моделін және IMEI-ді тексеріп, сәйкессіздіктерді түзетіп, өтінімді қайта жіберу керек.
Компания өкілдері бұл тексеріс құрылғы өтініш беруші тарапынан жеке мақсатта пайдаланылатынын растау және үшінші тұлғалардың деректерін пайдалана отырып телефондарды верификациялауға жол бермеу үшін қажет екенін түсіндірді.
Маркетплейстен сатып алынған телефонды верификациялауға кім жауапты?
Қазақстанда 2026 жылғы 20 тамыздан бастап верификациядан өтпеген мобильді құрылғыларды сатуға тыйым салынады. Бұл талап интернет-дүкендер мен маркетплейстерге де қатысты.

"Сатушылар саудаға дейін құрылғылардың IMEI-кодтарын сәйкестендіру кодтары дерекқорында шектеу немесе бұғаттау бар-жоғына тексеруге, сатып алушыға верификация мәртебесін тексеру үшін IMEI-ді ұсынуға, сондай-ақ сатып алуды растайтын құжаттарда құрылғының сәйкестендіру кодтарын көрсетуге міндетті", - деп атап өтті компания өкілдері.

Маркетплейс иелері де сатушылармен жасалатын келісімшарттарға құрылғыларды сату алдында міндетті түрде тексеру туралы талапты енгізуі тиіс. Осылайша, верификациядан өтпеген телефонды сатқаны үшін жауапкершілік сатушыға жүктеледі. Сатып алушы құрылғыны алғаннан кейін сатушының орнына бұл рәсімнен өз бетінше өтпеуі керек.
Сатып алар алдында телефон IMEI-ін қалай тексеруге болады?
Қазақстан азаматтарына смартфонның IMEI-ін сатып алғанға дейін, соның ішінде маркетплейстер арқылы тапсырыс берген кезде тексеру ұсынылады. Құрылғы верификациядан өткен болса да, кейін анықталған жеткізу кезіндегі заңбұзушылықтар ұялы байланысқа қолжетімділіктің шектелуіне әкеп соғуы мүмкін.
IMEI-верификациялау жүйесінің жеткізушісі телефондарды ресми дилерлер мен авторландырылған сатушылардан сатып алуға кеңес береді. Ресми жеткізілімдер кезінде верификациямен импорттаушы компаниялар айналысады.
Сатып алар алдында құрылғыны тексеру үшін:

телефонда *#06# комбинациясын теріп, IMEI-ді білу;
әр кодты imei.rfs.gov.kz сайтында немесе eGov Mobile қосымшасында тексеру;
IMEI-ді сатушы ұсынған және сатып алу құжаттарында көрсетілген кодтармен салыстыру;
чекті және басқа да растаушы құжаттарды сақтап қою қажет.

Смартфонның барлық IMEI кодын тексеру керек, өйткені бірнеше SIM-картасы бар немесе eSIM-ді қолдайтын құрылғылардың бірнеше сәйкестендіру коды болуы мүмкін.
Бұл ретте өз бетінше тексеру сатушыны верификациядан өткен құрылғыларды сату міндетінен босатпайды.
Неге Қазақстанда телефондардың IMEI-ін тексере бастады?
2025 жылғы 25 наурыздан бастап Қазақстанда ұялы телефондарды верификациялаудың жаңа ережесі күшіне енеді. Билік смартфондардың заңсыз әкелінуімен күресу үшін құрылғының бірегей нөмірін – IMEI-ді тексерді енгізді.
Телефондар үш санатқа бөлінді: ақ тізім – тексеруден өткен құрылғылар; сұр тізім – қосымша тексеруді қажет ететіндер; қара тізім – IMEI кодтары дұрыс емес немесе жалған құрылғылар.
Сұр тізімдегі телефон иелеріне верификациядан өту үшін 30 күнге дейін уақыт беріледі. Егер олар үлгермесе, құрылғының ұялы желіге қосылуы шектелуі мүмкін.
Бұл ретте Қазақстанға 2025 жылғы 25 наурызға дейін әкелінген және еліміздің мобильді желілерінде пайдаланылып жүрген телефондар автоматты түрде верификацияланған мәртебесін алуы тиіс болған.
Неге мәселе туындады?
Жаңа ереже енгізілгеннен кейін қазақстандықтар құрылғыларды тіркеу кезіндегі қате мен бұғаттау жөніндегі ескертулерге шағымдана бастады.
Бұған дейін Tengrinews.kz мұндай хабарламаларды екінші SIM-картаны немесе eSIM-ді алғаш рет іске қосқан смартфон иелері де алғанын хабарлаған.
Сондай-ақ жүйедегі қате мен бас тартуға тап болған қазақстандықтардың шағымдары туралы жазғанбыз.
Бастапқыда IMEI-ді тексерумен ATS Mediafon KZ жеке компаниясы айналысқан. Алайда сыннан кейін билік верификация тетігін өзгертті.
2026 жылғы 9 қазаннан бастап Қазақстан азаматтары верификациядан мемлекеттік портал немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы өте алады.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда IMEI верификациясынан қалай өтуге болады: нұсқаулық