ru24.pro
World News
Ноябрь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

“Жасым 30-да, әлі тұрмысқа шықпағанмын“. Қазақ қоғамында бұл неге диагноз сияқты естіледі?

0

"Неге әлі тұрмысқа шықпағансың?", "Кәрі қыз болып отырып қаласың", "Жасың келіп қалды". Мұндай сөздер тұрмыс құрмаған көптеген қызға таныс.
Қыз білімді, жұмысы бар, қаржылық жағынан тәуелсіз болса да, жолдасы жоқ болса, қоғамның сыни көзқарасынан құтыла алмай жатады. Неліктен тұрмысқа шығу әлі күнге дейін табысты өмірдің басты көрсеткіші саналады және бұл стереотиптерді кімдер қалыптастырады? Tengrinews.kz тілшісі осы мәселені зерттеді.
"Жалғыз қаласың": тұрмысқа шықпаған қыздар неліктен қоғамның айыптауынан қорқады?
Қазір қыздардың отбасын құруға деген көзқарасы әртүрлі. Бірі тұрмысқа шығуды саналы түрде қаламайды, енді бірі жақын қарым-қатынас орнатуды армандағанымен, махаббатсыз некеге келісуге дайын емес. Алайда екі жағдайда да олар туыстарының сұрақтарына, қоғамның сынына және өмірлік таңдауын үнемі біреулер бағалап отырғандай сезімге тап болады.
Скриншот: Threads
Әлеуметтік желіде қыздар қоғамның қысымы өздеріне қалай әсер ететінін ашық айтып жүр. Мысалы, желі қолданушыларының бірі 30 жасында тұрмысқа шыққысы келмейтінін, алайда туыстары бұл тақырыпты жиі қозғай бергендіктен, отбасылық жиындарға барудан қаша бастағанын жазған.
Скриншот: Threads
Ол жазбасының жалғасында жақындарының қысымы күшейіп кеткені соншалық - кейін ажырасу шартымен жалған некеге тұруды да ойлағанын айтты. Қыз бір күні туыстары тұрмысқа шығу және баласы жоқтығы туралы сұрақтарды доғарады деп үміттенеді.
Орталық Азияның басқа елдеріндегі қыздар да осы жағдайды айтып жүр. Мәселен, 29 жастағы қырғызстандық желі қолданушысы айналасындағылардың сыни көзқарасын сезетінін мойындады. Оның пікірінше, қоғам күйеуі болмауын құдды бір диагноздай көреді. Дегенмен мұндай теңеу Қазақстанға да қатысты.
Скриншот: Threads
Алайда қысымға шағымданатындардың бәрі бірдей некеге қарсы емес. Кейбірі керісінше отбасын құрғысы келеді, бірақ жеке өмірі жолға қойылмай жүр. Мұның өзі алаңдатады, ал қоғамдағы стереотиптер бұл уайымды бірнеше есе күшейтеді.
Мәселен, жақында 28 жасқа толатын Threads қолданушысының бірі туыстары оған тұрмысқа шығатын уақыт келгенін үнемі еске салып, тіпті болашақ күйеу ретінде жігіттерді де ұсынатынын айтқан. Алайда олардың ешқайсы қызға ұнамайды. Алайда қызға олардың ешқайсы ұнамайды. Ол біреуді ұнатпаса да немесе өзін солай істеуге міндетті сезінгендіктен ғана кездесуге барғысы келмейді.
Скриншот: Threads
Тағы бір жазбада қыз өз күдігін бөлісіп, басқа әйелдерден кеңес сұрайды.
Скриншот: Threads
Бұл оқиғалардан неке туралы көзқарасы мүлде бөлек қыздар да қысымға тап болатынын байқауға болады. Бірі отбасын құрғысы келмейтін таңдауын қорғауға мәжбүр болса, енді бірі өз шешіміне күмәнданып, уақытты өткізіп алып жүрмін бе деп қорқады. Алайда мұның бәрінде де жеке таңдау өзгенің үміті мен талабына тәуелді болып қалады.
Неліктен тұрмысқа шығу қыздың өмірінің өлшеміне айналды?
Психолог Ольга Третьякованың пікірінше, әйел міндетті түрде тұрмысқа шығуы керек деген түсінік - ұзақ тарихи кезеңде қалыптасқан дәстүрлі ұстаным. Ертеде әйелдің жанында ер адам болуы отбасылық мәртебеге ғана емес, тірі қалудың шарты болған.
Көшпелі өмір салты, сыртқы қауіп-қатерлер, отбасын қорғау және ауыр жұмыстар ер адамды әйелдің басты тірегіне айналдырған. Сондықтан сәтті тұрмыс қауіпсіздікке, тұрақтылыққа және ұрпақ сүюге мүмкіндік беретін жол ретінде қабылданған.

"Дәстүрлі түсінік бойынша табысты болу дегеніміз не? Бұрын табысты болу дегеніміз өзінің де, балаларының да аман қалуы деген түсінік еді. Қорғаныш бола алатын, мықты ер адамға тұрмысқа шықса, оның үстіне оның беделі болса, бұл нағыз ұтыс билетін алғанмен бірдей еді", - деп түсіндірді Третьякова.

Психологтың айтуынша, қазақ қоғамы дәстүрлі көшпелі өмір салтынан алыстағанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Қазіргі қоғам мен тұрмысқа шығу әйелдің қауіпсіздігін айқындаған кезеңнің арасын бар болғаны бірнеше ұрпақ қана бөліп тұр.
Бұған XX ғасырдағы тарих та әсер етті. Ұлы Отан соғысынан кейін көптеген ер адам қаза тапқандықтан, олардың әйелдің жанында болуы, қолдауы қайтадан ерекше маңызға ие болды. Әйелдер отбасын құру мүмкіндігі үшін бәсекеге түсті, ал неке балалы болуға және материалдық тірек табуға кепілдік беретін жол ретінде қабылданды.
Психологтың сөзінше, бұл түсініктер қоғамдық санаға сіңіп, әлі күнге дейін адамдарға әсер етіп келеді. Мұндай көзқарас бойынша ер адамның құндылығы сөзсіз жоғары деп қабылданса, әйелдің қадірі белгілі бір міндеттерді - жар және ана болуымен өлшенеді.

"Сенің құндылығың тек тұрмысқа шығып, бала тууыңда ғана. Қалғанының бәрінің - мүмкіндігіңнің, қабілетіңнің, қалауыңның қоғамда маңызы жоқ. Қоғам әйелге: "Сен бізге тек осы үшін керексің" дегендей болады", - деді психолог патриархалдық ұстанымдарды мысалға келтіріп.

Тұрмыстағы әйелдер тұрмысқа шықпағандарды айыптай ма?
Алайда өмір айтарлықтай өзгерді. Қазір әйелдердің мүмкіндігі әлдеқайда көп. Олар білім алады, мансап жолында өседі, бизнес ашады, ғылыммен айналысады. Соған қарамастан әйелдің басты міндеті жар және ана болу деген дәстүрлі ұстаным қоғамда әлі де бар.
Оның үстіне, Ольга Третьякованың пікрініше, тұрмысқа шығуға асықпайтын немесе некеден мүлде бас тартатын қыздарды көбіне басқа әйелдердің өзі айыптайды. Ер адамдар да мұндай сұрақтар қоюы мүмкін. Алайда, психологтың пікірінше, ашық әрі тұрақты қысымды көбіне әйелдің айналасындағы адамдар көрсетеді.
Психолог мұны екі түрлі құндылық жүйесінің қақтығысы деп түсіндірді. Дәстүрлі көзқарасты ұстанатын әйелдер өз бетінше шешім қабылдап, тәуелсіз өмір сүретін басқа әйелдерді қалыптасқан дүниетанымына төнген қауіп ретінде қабылдауы мүмкін.

"Әйел қазіргі өмір салтын таңдай алатынын ескерсек, онда мынадай бір күмән туындайды: "неге дәстүрлі жолды таңдадым?" Әлде одан төменмін бе? Мен де ол сияқты мансапта өсіп, бизнес аша алмаймын ба? Өз-өзіне және өмір сүру салтына күмәнданбау үшін адамдар "Жоқ, біз дұрыс өмір сүріп жатырмыз. Ата-бабамыз да осылай өмір сүрген, солай болуы керек" деген ұстанымды ту етеді. Психологиялық тұрғыдан бұл үдеріс осылай жүреді", - деп түсіндірді Третьякова.

Оның айтуынша, өзгенің таңдауын құнсыздандыру - адамның өз сенімін қорғау тәсілі. Соның салдарынан қалыптасқан ұстанымға сай келмейтін қыздарды келемеждеп, қорлап, пікірін елемеуі немесе өздерін олардан жоғары қоюы мүмкін.
Саукеле киіп, атқа мінген келін киіз үйдің маңында, XIX ғасыр. 
"Қашан тұрмысқа шығасың?"
Әрине, туыстардың тұрмысқа шығу және бала сүю туралы сұрақтары сырттай қарағанда жай ғана қызығушылық сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, психолог Ольга Третьякованың айтуынша, шын мәнінде мұндай сұрақтар - қысым көрсетудің бір құралы.
Оның үстіне, айналасындағылар қысымды әйелдің өзіне сұрақ қоюмен ғана шектемейді. Ол бұл сөздерге мән бермесе немесе отбасын құруға асықпаса, қысым оның жақындарына да жасала бастайды.

"Ата-ананы қызың әлі неге тұрмысқа шықпады деп кінәлап, ұялтуға тырысса, бұл да қысым көрсетудің бір тәсілі. Қыз қарсылық танытып, айтқандарына көнбесе, онда оған ең жақын адамдарға қысым жасай бастайды. Осылайша олар жақындары арқылы қызға ықпал етіп, оның қарсылық танытуын қиындатқысы келеді", - дейді психолог.

Күйеуі жоқтығы үшін жасалатын қысым неге әкеп соғады?
Қыздың жасы, отбасылық жағдайы және бала сүю қажет екені туралы әңгімелер оның өзін бағалауына әсер етуі мүмкін. Білімді, сүйікті жұмысы бар, қаржылық жағынан тәуелсіз және басқа да жетістіктері болса да, ол қоғамның пікіріне сай келмегені үшін өзін жеткілікті дәрежеде табысты емеспін деп санауы мүмкін.
Ольга Третьякованың айтуынша, мұндай қысым мазасыздыққа, күйзеліске, өзін өзгелерден кем сезінуге және серік іздеуге шамадан тыс көңіл бөлуге әкеп соғуы мүмкін.
Әсіресе, отбасын құруға деген ниет қоғамның айыптауынан құтылуға деген ұмтылыспен алмасқан кезде бұл қауіпті бола түседі.

"Әйелдер көбіне осы қысымнан құтылу, өздерінен күткен нәрсені ақыры орындау және айналасындағылардың мазасын алмауы үшін тұрмысқа шығуға тырысады. Олар мұны жайсыздықтан арылу үшін, жалғыз қалудан және тұрмысқа шықпай қалудан қорыққандықтан жасайды", - дейді психолог.

Соның салдарынан әйел өзара құрмет пен рухани жағынан жақындық жоқ қарым-қатынасқа келісуі мүмкін. Тіпті агрессивті немесе күш қолдануға бейім адаммен бірге болуға да көнуі ықтимал.
Кейде адамдар бір-бірін жөнді танымай-ақ үйленеді. Өйткені туыстары мен қоғам олардан осыны күтеді. Жігіттерге де туыстары тарапынан осындай қысым жасалады. Салдарынан олар шынайы отбасын құра алмай, ерлі-зайыпты арасында жылы әрі жақын қарым-қатынас қалыптаспайды.
Өзін табысқа жете алмаған адам секілді сезінуді қалай тоқтатуға болады?
Психологтың пікірінше, қысымға қарсы тұрудың алғашқы қадамы - жеке құндылықтар және ішкі тіректі қалыптастыру.
Қыз өз қадірі күйеуі немесе баласы бар-жоғына байланысты емес екенін түсінуі керек. Оның табыс туралы өз түсінігі болуы мүмкін, ол міндетті түрде туыстарының немесе қоғамның пікірімен сәйкес келуі шарт емес.

"Адамның бар болуының өзі құнды. Бұл оның қандай да бір жетістікке жеткен-жетпегеніне қарамайды", - деді Третьякова.

Бұған білім алу, философияға ден қою, өмірде басқа жолды таңдаған әйелдермен араласу және өзін дамыту көмектеседі.
Ольга Третьякова қоғамның қысымы қатты мазасыздыққа, өзін өзгелерден кем сезінуге немесе тез арада тұрмысқа шығуға деген еріксіз ұмтылысқа әкеп соқса, кәсіби психологтың көмегіне жүгінуге кеңес берді.
Ата-ана қызын қысымнан қалай қорғай алады?
Психологтың пікірінше, некеге деген дұрыс көзқарас қалыптасуында ата-ананың рөлі зор. Ең алдымен, олар қоғамның қысымына қарсы тұруды үйренуі керек.

"Ата-анаға қысым жасалған кезде олар оны қызына жеткізбеуі керек. Мұндай жағдайда берік ұстаным танытып, қызын ұялтатын немесе кінәлайтын сөздер айтпау маңызды", - деп кеңес берді Третьякова.

Сонымен қатар, ата-ана қызына болашағын әртүрлі жолмен құра алатынын көрсетуі керек. Ол отбасын құруы да, мансап жолын таңдауы да, сүйікті ісімен айналысуы да немесе осының бәрін өзіне қолайлы әдіспен қатар алып жүруі де мүмкін.
Ең бастысы - қыз баланы өмірдегі жалғыз мақсаты біреудің жары әрі анасы болу деген түсінікпен тәрбиелемеу.
Қазақстанда әйелдерге деген көзқарас өзгеріп жатыр ма?
Психолог Ольга Третьякованың пікірінше, Қазақстанда қоғамның көзқарасы біртіндеп өзгеріп келеді. Бұған ғылыми-техникалық прогресс, білім мен психологиялық көмек қолжетімді болуы, әлемге ашықтық әсер етеді.
Оның сөзінше, ірі қалаларда өзгерістер жылдам жүріп жатыр, ал ауылдық жерлерде дәстүрлі өмір салты ұзағырақ сақталады.
Сондай-ақ, отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелдер мен балалардың құқығы бұзылуы қоғамда жиі талқыланып, қалыптасқан стереотиптер сынға ұшырай бастады. Бұл да маңызды рөл атқарады.
Алайда ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарды тез өзгерту мүмкін емес. Ол үшін уақыт пен әйелдің қоғамдағы рөлін басқаша қабылдайтын жаңа ұрпақ тәрбиелеу қажет 
Сөз соңында Третьякова әйелдерді бір-бірін айыптамай, керісінше өз бетінше шешім қабылдай алатын, қоғамның немесе ер адамның талабына тәуелді емес, өмірді өзгертуге белсенді атсалысатын дербес тұлға болуға ұмтылғанда, бір-біріне қолдау көрсетуге шақырды.
Мәтін: Аружан Дәрібай
Дайындаған: Жансая Қадыржанова