Әйелдер көбейіп, балалар азайған: Қазақстан халқы қалай өзгеріп жатыр?
Қазақстан халқының орташа жасы өсіп келеді, ал 42 жастан бастап әйелдер саны еркектерден асып түседі. Сонымен қатар егде жастағы тұрғындардың үлесі артып, ең кіші жас топтарының саны азайып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сілтеме жасап.
Қазақстандықтар есейіп келеді: орташа жас 32,5 жасқа жетті
2021 жылы қазақстандықтардың орташа жасы 31,9 жасты құраса, 2025 жылы ол 32,5 жасқа жетті.
Әйелдер ерлерге қарағанда орташа есеппен үлкенірек. 2025 жылы ерлердің орташа жасы 30,9 жасты, әйелдердікі - 34,1 жасты құрады. Айырмашылық үш жылдан асты.
2026 жылдың басында Қазақстанда шамамен 10 миллион ер адам және 10,5 миллионға жуық әйел тұрды. Орта есеппен әр 100 әйелге 96 ер адамнан келді.
Алайда бұл қыздардың көп туылуымен байланысты емес. Керісінше, тоғыз жасқа дейінгі балалар арасында әр 100 қызға шамамен 106 ұл баладан келеді. 20-дан 29 жасқа дейінгілер арасында да ерлердің саны әйелдерден сәл көбірек.
42 жастан кейін әйелдер саны ерлерден арта бастайды
42 жастан бастап әйелдердің саны ерлерге қарағанда көбейеді. Егде жас топтарында бұл алшақтық тез ұлғая түседі.
Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған
65 жастан асқан қазақстандықтар арасында шамамен 740 мың ер адам және 1,24 миллионға жуық әйел бар. Осылайша, бұл жас тобында әйелдер шамамен жарты миллионға көп.
Елде 80 жастан асқан 86 мыңға жуық ер адам мен 212 мың әйел тұрады. 100 жастан асқан қазақстандықтардың ішінде 284 ер адам және 1 039 әйел бар.
Егде жастағы топтарда әйелдердің көп болуы, ең алдымен, ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығындағы айырмашылыққа байланысты. 2025 жылы әйелдердің күтілетін өмір сүру ұзақтығы 79,8 жасты, ерлердікі - 72,19 жасты құрады. Алшақтық 7,61 жасқа жетті.
Басқаша айтқанда, ұл балалар көбірек туады, бірақ ерлер әйелдерге қарағанда айтарлықтай аз өмір сүреді. Сондықтан егде жаста бұл арасалмақ өзгереді.
65 жастан асқан тұрғындардың үлесі өсіп жатыр
Тек ерлер мен әйелдердің арасалмағы ғана емес, жалпы халықтың жас құрылымы да өзгеріп жатыр.
2009 жылы 65 жастан асқан тұрғындар Қазақстан халқының 7,1 пайызын құраған еді. 2020 жылы олардың үлесі 7,7 пайызға жетсе, 2026 жылдың басына қарай 9,6 пайызға жетті.
Демографиялық қартаюдың кең таралған критерийлерінің бірі - 65 жастан асқан халық үлесінің жеті пайызға жетуі. Қазақстан бұл межеден 2009 жылға дейін-ақ өткен болатын. Содан бері қарт тұрғындардың үлесі өсуін тоқтатқан жоқ.
Анықтама: Қартаю индексі 15 жасқа дейінгі 100 балаға 65 жас және одан асқан қанша адамнан келетінін көрсетеді. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, халық ішінде балалармен салыстырғанда қарттардың саны соғұрлым көп дегенді білдіреді.
2025 жылы халықтың қартаю индексі 32,9-ды құрады. Бұл 15 жасқа дейінгі әр 100 балаға 65 жастан асқан 33-ке жуық адамнан келетінін білдіреді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 31,1 болған еді.
Кіші жас топтарында балалар саны азайып келеді
Жас пирамидасының табанында да өзгерістер болып жатыр.
2026 жылдың басында Қазақстандағы ең көп санды бір жастық топ - төрт жастағы балалар (441 150 адам) болды. Бір жасқа толмаған балалардың саны 330 819-ды құрады.
Осылайша, бір жасқа толмаған балалар саны төрт жастағыларға қарағанда шамамен 110 мыңға (немесе төрттен бір бөлікке) аз болып шықты.
2022 жылдан кейін басталған туу көрсеткішінің төмендеуі әзірге негізінен төрт жасқа дейінгі балалар топтарында байқалған. Егер бұл үрдіс сақталса, оны алдымен балабақшалар мен мектептер, кейінірек колледждер, университеттер мен еңбек нарығы сезінетін болады.
Халықтың орташа жасының 31,9-дан 32,5-ке дейін өзгеруі аз болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл айырмашылықтың артында бірнеше процесс тұр: қарттардың үлесі артып келеді, 42 жастан кейін тұрақты әйел басымдығы қалыптасады, ал ең жас ұрпақтың саны азайып келеді.
Бұдан бұрын 2026 жылдың басында Қазақстанда 60 жастан асқан 2,9 миллионнан аса адам - халықтың 14,2 пайызы тұратынын жазған болатынбыз. Сонымен қатар бұл жастағы 465,3 мың қазақстандық жұмысын жалғастырған.
Сонымен бірге елде туу көрсеткіші төмендеп жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы 332 мыңға жуық бала дүниеге келген. Демографтар бұл үрдісті тек отбасылардың материалдық жағдайымен ғана емес, сонымен қатар урбанизациямен, әйелдердің білім деңгейі мен жұмыспен қамтылуының артуымен, сондай-ақ өмірлік басымдықтардың өзгеруімен байланыстырады. Қазақстанда баланы өсіру қанша тұратынын және отбасылардың неге балалы болуды кейінге қалдыратынын оқыңыз.
