ru24.pro
World News
Ноябрь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Көшіре ме, әлде залалсыздандыра ма? Сібір жарасы ошағына жақын орналасқан Қосшыдағы үйлерге не болады?

0
Қосшы қаласындағы сібір жарасы (түйнеме) көмілген аумақтың санитарлық-қорғау аймағында 500 жеке үйдің орналасқаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде дүрбелең туғызды. Тіпті кейбіреулер үрей салдарынан зәулім үйлердің бағасы арзандап кеткенін, қазір тиімді мәміле жасаудың нағыз уақыты екенін жазды. Шын мәнінде не болып жатқанын және биліктің кезінде індет жұққан аумаққа қатысты қандай жоспары барын анықтап көрдік.
Бәрі қалай басталды?
Анықтама: Қосшы қаласы Астанадан жеті шақырым жерде орналасқан. 2021 жылғы 26 шілдеге дейін ауыл болды. Қала құрамына Тайтөбе ауылы кіреді. 01.01.2025 жылғы жағдай бойынша халық саны 60,2 мың адамды құрады.
2026 жылдың қазан айында әлеуметтік желілерде Қосшыдағы сібір жарасы көмілген жердің санитарлық-қорғау аймағында (СҚА) 500 жеке үй мен 25 аз қабатты үй салынғаны туралы ақпарат пайда болды. Threads-те ошақтың картасы жарияланды.
Қосшыдағы сібір жарасы көмілген жердің картасы. Threads желісіндегі nurs1568 пайдаланушысының картасы
Дүрбелеңнен кейін мемлекеттік органдар түрлі мәлімдемелер жасады: ветеринарлар қауіп жоқ десе, прокурорлар учаскелерге ерекше статус беруді талап етті.
Осы тұста әлеуметтік желілерде қауіпті аймақтағы жылжымайтын мүлік құны 30 миллион теңгеге дейін түсіп кетті деген ақпарат тарады. Алайда тұрғын үй саудасы порталдарындағы бағалар айтарлықтай өзгере қоймаған.
Қосшыдағы "Чистые пруды" демалыс аймағы мен сібір жарасы көмілген жер маңындағы жылжымайтын мүлікті сату туралы хабарландырулар. krisha.kz сайтынан скриншот
Елордалық риелторлар да Қосшыдағы жылжымайтын мүлікке қатысты дүрбелеңді де, бағаның төмендеуін де байқап отырған жоқ.
Қосшыдағы сібір жарасы көмілген орындар туралы не белгілі?
Негізінде, Қосшыда сібір жарасы көмілген жердің маңында жеке үйлер салынғаны туралы бұрыннан жазылып келеді. Осыдан 14 жыл бұрын, 2010 жылы "Экспресс К" газеті Ақмола облысы прокуратурасының мәліметтеріне сүйене отырып: "Целиноград ауданындағы Қосшы ауылында мал қорымының маңынан 1 500 жер телімі бөлінген. Тайтөбе ауылындағы көмілген жердің жанындағы құрылыстарды тоқтату туралы сот даулары әлі жалғасып жатыр", – деп хабарлаған болатын.".
Сонымен, Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметінше, көмілген орын екеу:

Тайтөбе ауылының аумағында - сібір жарасы көмілгені расталған орын. Бұл алаңда тұрғын үй құрылысы жоқ.
Қосшы қаласының "Чистые пруды" демалыс аймағы маңында - құжаттарда сібір жарасы көмілген жер деп көрсетілген нысан. Дегенмен тарихи деректер 1986 жылғы 28 тамызда бұл жерде ауру малдың ұшасы мүшеленгенін көрсетеді. Санитарлық аймақты белгілеу мерзімі - 2086 жылға дейін.

Алайда Ақмола облыстық ветеринария басқармасының мәліметтері сәл өзгешелеу:

"Қосшы қаласының "Чистые пруды" демалыс аймағы маңында 1986 жылғы сібір жарасының тіркелген ошағы бар. Учаске Сарқырама өзенінен шамамен 25 метр және жақын маңдағы тұрғын үйлерден 40-50 метр қашықтықта, "Чистые пруды" демалыс аймағынан алыс емес жерде орналасқан. Тайтөбе ауылының аумағында 1971–1986 жылдардағы сібір жарасының топырақ ошағы тіркелген. Бұл орындар бірінші класты қауіпті нысандарға жатады, олар үшін санитарлық-қорғау аймағы 1 000 метр болып белгіленген".

Қосшыдағы Нұра және Сарқырама өзендері. Қосшы қаласының Бас жоспарынан алынған фото
Бұрын сібір жарасы көмілген жерлердің санитарлық-қорғау аймағының шекарасын Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімдігі 2010 және 2014 жылдары белгілеген болатын. Бірақ 2021 жылы бұл қаулылар прокуратураның наразылығы бойынша күшін жойды, өйткені әкімдіктің оларды белгілеуге өкілеттігі жоқ. Тиісінше, әлеуметтік желілерде тарап жатқан картаның заңдық күші жоқ. Бірақ іс жүзінде бұл - қалыптасқан нақты жағдай.

"Чистые пруды" ауданында аталған нысанмен (ауру малдың ұшасы мүшеленген қорым - ред. ескертпесі) байланысты аумақта 500-ден аса үй орналасқан, оның ішінде 25 аз қабатты үйде 120-ға жуық адам тұрады. Бұл ретте әр нысаннан бір шақырым радиуста орналасқан жеке және аз қабатты үйлердің нақты санын анықтау үшін көмілген жерлердің координаттары мен құрылыс туралы өзекті мәліметтерді пайдалана отырып, қосымша картографиялық талдау қажет", - деп хабарлады Қосшы әкімдігі Tengri Home сауалына берген жауабында.

Қарапайым тілмен айтқанда, санитарлық-қорғау аймағындағы үйлердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Ал Тайтөбе тұрғындарына, кем дегенде үйін заңды тұрғызғандарға, алаңдаудың қажеті жоқ.

"Тайтөбе ауылының аумағында орналасқан нысанның санитарлық-қорғау аймағы шегінде тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері берілген жоқ. Аталған аймақ шегінде тұрғын үй нысандарын салуға рұқсат беру құжаттары уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынылған емес", - деп нақтылады әкімдік.

Әкімдік тарихи мәліметтер бұл аумақта сібір жарасының белсенді ошағы бар екенін әлі толық растамайтынын бірнеше рет атап өтті.
Қосшыдағы сібір жарасы ошақтарының жаңа санитарлық аймақтарын белгілеу қажет пе?
Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті (СЭБД) Tengri Home сауалына берген жауабында санитарлық-қорғау аймақтарының қалай белгіленетінін түсіндірді:

бұрын көмілген сібір жарасы мал қорымдары үшін - 1 000 метр, нысан бірінші класты қауіптілікке жатады;
сібір жарасы көмілген орындар мен малдың қырылу себебі анықталмаған мал қорымдары үшін - СҚЗ-ның нормативтік өлшемдеріне (1 000 метр) сәйкес санитарлық-қорғау аймағының жобасын әзірлеусіз белгіленеді.


"Осыған байланысты оның көлемін анықтау үшін бөлек СҚЗ жобасын әзірлеу және келісу талап етілмейді. Бұл ретте мал қорымынан тұрғын үйлер мен әсер етуі мүмкін өзге де нысандарға дейінгі белгіленген нормативтік қашықтықтың сақталуын қамтамасыз ету қажет", - деп түсіндірді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Демек, Қосшы әкімдігіне қорымдар үшін СҚЗ белгілеудің қажеті жоқ, бұл заңға да қайшы келеді. Сондықтан жаңа қаулылар қабылданбайды. Қауіпті аймақ әдепкі бойынша бір шақырым радиусты құрайды.

"Сібір жарасы көмілген орындар мен малдың қырылу себебі белгісіз мал қорымдары үшін кемінде 1 000 метрлік санитарлық-қорғау аймағы (СҚЗ) қарастырылған. Оны орнату үшін бөлек СҚЗ жобасы қажет емес", - деп растады Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Билік мұны есте сақтап, бұл аумақта мына нысандардың болуына рұқсат бермеуі тиіс:

тұрғын үйлер;
демалыс аймақтары, курорттар, санаторийлер мен демалыс үйлері;
саяжайлар, коттедждер;
спорт нысандары, балалар алаңқайлары, білім беру және балалар ұйымдары;
жылыжайлар, бақшалар.

Қосшы. Қосшы әкімдігінің фотосы
Қосшының қауіпті аймағындағы үйлер елді мекен ресми түрде қала мәртебесін алғанға дейін салынған. Еске сала кетейік, 2021 жылға дейін Қосшы ауыл болған, ал ауылдық жерлердегі сібір жарасы көмілген орындарға қойылатын талаптар мүлдем басқа.

"Ауылдық елді мекендердің санитарлық-қорғау аймағында және сібір жарасының топырақ ошақтарында агромелиоративтік, іздестіру, гидромелиоративтік, сібір жарасы көмілген жерлердің топырағын алумен және жылжытумен, су басумен байланысты құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін бөлуге, сондай-ақ жер учаскелерін жалға беруге, жеке меншікке сатуға, бақша, бау-бақша немесе жер пайдалану үшін бөлуге жол берілмейді", - деп Ақмола облыстық СЭБД тыйымдарды тізіп берді.

Бірақ қалада немесе ауылда болсын, кез келген санитарлық-қорғау аймағында адамдардың тұруына тыйым салынады.

"Көмілген сәттен бастап белгілі бір жылдардың өтуі аумақты автоматты түрде қауіпсіз деп тануға және белгіленген шектеулерді алып тастауға негіз болмайды. Сібір жарасының қоздырғышы сыртқы ортада өте төзімді келеді. Қоздырғыш споралары топырақта ондаған жылдар бойы, ал қолайлы жағдайларда 100 жылдан астам сақталуы мүмкін, бұл сібір жарасының бұрын тіркелген ошақтары бар аумақтарда жер, құрылыс және басқа да жұмыстарды жүргізу кезінде ерекше сақтық шараларын сақтауды талап етеді", - деп толықтырды Ақмола облыстық ветеринария басқармасы.

Бұл ретте Ақмола облысының прокуратурасы ауылға қала мәртебесі берілгенге дейін СҚЗ-да жүргізілген құрылыстар бойынша Қосшы әкімдігіне ешқандай кінәрат қойып отырған жоқ.

"Тұрғын үй құрылысының заңдылығына қатысты хабарлайтынымыз, бұрын санитарлық-қорғау аймағына жатқызылған аумақта 500-ден астам үй орналасқан, оның ішінде 25 аз қабатты үй бар. Аталған нысандар 2021 жылы Қосшы қаласы құрылғанға дейін салынған. Бұл ретте 2021 жылы Қосшы қаласы құрылған сәттен бастап аталған аумақтар шегінде тұрғын үй құрылысы үшін Қосшы қаласы мен Тайөбе ауылының жергілікті атқарушы органдары тарапынан жер учаскелері берілмеген", - деп хабарлады қадағалау органы Тengri Нome сауалына берген жауабында.

Қосшыдағы сібір жарасы көмілген орындарда не істеледі?
Санитарлық дәрігерлер жыл сайын сібір жарасы көмілген аумақтардағы топыраққа мониторинг жүргізеді.

"Сібір жарасы көмілген аумақтар абаттандырылған, бетонмен жабылған, сондай-ақ "Абайлаңыз, сібір жарасы" деген жазуы бар ескерту тақтайшаларымен жабдықталған. 2026 жылғы 30 қыркүйектегі (Қосшы қаласы) және 2026 жылғы 28 қазандағы (Тайтөбе ауылы) зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, алынған топырақ сынамаларынан сібір жарасының қоздырғышы анықталған жоқ", - деп атап өтті облыстық ветеринария басқармасы.

Ал Қосшының 2025 жылғы 11 ақпандағы Бас жоспарында осы екі сібір жарасы көмілген орын белгіленген:

біреуі қаланың ескі бөлігіндегі Сарқырама өзенінің жағасында орналасқан;
екіншісі Тайтөбе ауылының оңтүстік-шығысында, Қосшының қазіргі құрылыс нысандарынан батысқа қарай шамамен 1 500 метр жерде орналасқан.


"СҚЗ аймағына тұрғын үй құрылысының едәуір аумағы, сондай-ақ Қазақстандағы белгілі "Асыл түлік" РТЖО АҚ асыл тұқымды мал шаруашылығы орталығы кіріп тұр. Егер сібір жарасы көмілген жерден алынған топырақ сынамаларының талдау нәтижесі оң болса, Қосшының Бас жоспарының жобасында мынадай ұсыныстар беріледі: адамдар мен жануарлардың ауруын болдырмау мақсатында сібір жарасының СҚЗ аймағына түсетін аумақты көшіру, ал "Асыл түлік" РТЖО АҚ асыл тұқымды мал шаруашылығы орталығын елді мекен сыртына шығару", - делінген Қосшының Бас жоспарында.

Бас жоспар бойынша Тайтөбедегі санитарлық-қорғау аймағында құрылыс жүргізу қарастырылмаған.

"Ауылдың оңтүстік шетінде орналасқан және бұрын дамытуға арналған орамдардың бір бөлігі түйнеме көмілген жердің санитарлық-қорғау аймағына кіріп кеткен. Қазіргі уақытта мұнда төрт тұрғын үй салынған. Санитарлық-қорғау аймағында орналасқан аталған орамдардың бір бөлігі жоба бойынша алдағы уақытта игерілмейді, ал салынған үйлерді басқа жерге көшіру ұсынылады", - делінген Бас жоспарда.

Дегенмен, қазіргі уақытта Қосшы билігі мұндай шығыны көп нұсқаны қарастырып отырған жоқ.

"Чистые пруды" ауданындағы нысан аумағын химиялық препараттарды қолдана отырып зарарсыздандыру және санитарлық өңдеу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл аумақты алдын ала тексеруді, уәкілетті мемлекеттік органдардың қорытындыларын алуды көздейді. Аумақты одан әрі қала құрылысына пайдалану, санитарлық-қорғау аймағын белгілеу немесе түзету және қаланың Бас жоспарына ықтимал өзгерістер енгізу мәселесі тексеру нәтижелері мен тиісті мемлекеттік органдардың қорытындылары ескеріле отырып қаралады", - деп мәлімдеді Қосшы әкімдігі.

Айта кетейік, Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, соңғы бес жылда өңірде адамдар арасында сібір жарасы ауруының үш ошағы тіркеліп, 30 адам зардап шеккен:

2023 жыл - Жарқайың ауданы, сібір жарасының 15 жағдайы тіркелді.
2025 жыл - Атбасар ауданы, сібір жарасының 13 жағдайы тіркелді.
2026 жыл - Жақсы ауданы, сібір жарасының екі жағдайы тіркелді.

Ақмола облысында барлығы 81 түйнеме көмілген ошақ белгілі.
Тағы оқыңыз:
Арманыңыздағы үйді салу үшін жер телімін қалай дұрыс таңдап, сатып алған жөн?