Оралда полицей ЭЦҚ-сын бөгде адамға берген: оның атынан айыппұлдар рәсімделген
Оралдың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жергілікті тұрғынға заңсыз салынған айыппұлдың күшін жойды. Істі қарау барысында полиция жұмысындағы өрескел заңбұзушылықтар анықталды: қызметкер өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасының (ЭЦҚ) құпия кілтін басқа адамға берген, ал ол оның атынан айыппұл туралы қаулылар толтырған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Мой город" сайтына сілтеме жасап.
Сот талқылауы барысында әйелдің өзіне қатысты хаттама толтырылғанынан тіпті хабарсыз болғаны анықталды. Оған істің қаралатын уақыты мен орны туралы да ескертілмеген, ал полиция қызметкерлері оның кінәсін дәлелдейтін қажетті материалдарды ұсына алмады.
Алайда ең басты жайт - инспектордың өз кінәсін мойындауы болды. Оның атынан рәсімделген қаулыны ол өздігінен шығармағаны белгілі болды. Полицей өзінің ЭЦҚ құпия кілтін басқа адамға бергенін, ал ол кілтті қызметкердің атынан айыппұлдар жазу үшін пайдаланғанын айтып берді.
Сонымен қатар полиция соттың сұрауларын елеусіз қалдырып, құқық бұзушылық дерегін де, әйелді істі қарау үшін бөлімшеге шақыру әрекеттерін де растай алмады.
Нәтижесінде сот айыппұлдың күшін жойып, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті басшылығының атына жеке қаулы шығарды.
Ведомство басшысына қызметтік тексеріс жүргізіп, электронды қаулыларды өзгенің қолтаңбасымен нақты кім толтырғанын, бөгде адамның қызметкердің ЭЦҚ-сына қандай негізде қол жеткізгенін және мұндай заңбұзушылықтарға не себепті жол берілгенін анықтау тапсырылды.
Өзін жарақаттады ма, әлде шабуыл жасалған ба? Оралда экс-полицейлердің оқиғасы тергеліп жатыр
