Түркістан облысының білім бөліміндегі миллиард теңгеге қатысты дауға әкімдік жауап берді
Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы Ордабасы аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты айыптаулар жазылған видео тарады. Жарияланым авторы шенеунік әйел өз әпкесіне тиесілі балабақшаға 1,3 миллиард теңге бюджет қаражатын аударған деп мәлімдейді. Түркістан облысының әкімдігі бұл айыптауларға қатысты жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Әпкесіне 1,3 миллиард": не болған?
Әлеуметтік желілерде Ордабасы аудандық білім бөлімінде түсірілген видео тарады. Жазбада білім бөлімінің бұрынғы басшысы автордың айтуынша өз әпкесіне тиесілі балабақшаға 1,3 миллиард теңге бағыттаған деп айтылады.
Видеода әйел адам білім бөлімі басшысының міндетін атқарушыға сұрақтар қояды. Ол шенеунік әйелдің білім бөлімін 2017 жылдан 2024 жылға дейін басқарғанын айтып, ведомстводағылардың бұл туыстық байланыс туралы білген-білмегенін сұрайды.
Видеодағы шенеунік бөлімде кәсіпкерлердің туыстық байланыстары зерттелмегенін айтып жауап береді.
"Кәсіпкерлікпен айналысуға ешкімге тыйым салынбаған. Ал кімнің кіммен қандай туыстық қатынасы бар екенін біз зерттеген жоқпыз", – дейді ол видеода.
Әйел ведомствоның құзырлы органдарға жүгіну жоспары бар-жоғын сұрады. Шенеунік бұл мәселе Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінде қаралатынын айтты.
Видео авторы сотқа берілді: әкімдік не дейді?
Түркістан облысының әкімдігі балабақшаға 1,3 миллиард теңгенің заңсыз аударылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Онда балабақшалар мемлекеттік білім беру тапсырысы және жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында – тәрбиеленушілер саны мен бекітілген нормативтерді ескере отырып ақша алатыны түсіндірілді.
"Бұл білім бөлімі басшысының жеке шешімі емес. Жарияланымда көрсетілген сома да тиісті кезеңдегі нақты қаржыландыру көлеміне сәйкес келмейді", – деп хабарлады әкімдік.
Дегенмен, балабақшаның нақты қанша сома алғаны жауапта көрсетілмеген.
Сондай-ақ әкімдік шенеунік әйелдің тараған мәліметтерге байланысты сотқа жүгінгенін хабарлады.
"Білім бөлімінің басшысы (қазір Түркістан облысы Төле би ауданында – ред. ескертпесі) өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа жанаспайтын мәліметтердің таратылуына байланысты сотқа жүгінді. Баяндалған фактілерге құқықтық бағаны сот береді. Бюджет қаражаты туралы ақпаратты тарату кезінде тексерілмеген тұжырымдарға емес, ресми құжаттар мен нақты фактілерге сүйенуге шақырамыз", – деп мәлімдеді әкімдік.
Сонымен қатар әкімдік балабақша иесі білім бөлімінің бұрынғы басшысының туған әпкесі екенін растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
