ru24.pro
World News
Сентябрь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

2027 жылдан бастап Алматының орталығында тағы бір шектеу енгізіледі

0

2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматының орталығында отшашу мен басқа да пиротехникалық бұйымдарды қолдануға тыйым салынады. Бұл туралы Алматының Экология және қоршаған орта басқармасы мәлімдеді. Тыйымның қай жерде қолданылатыны және LEZ аймағында тағы қандай өзгеріс болатыны туралы Tengrinews.kz материалында.
Отшашуға тыйым салынады
Экология басқармасының мәліметінше, 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап "Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары" күшіне енеді. Құжатқа сәйкес төмен шығарындылар аймағында (LEZ) пиротехниканы қолдану шектеледі.
Атап айтқанда, еркін саудадағы петарда, отшашу және басқа да пиротехникалық өнімдерге тыйым салынады.
Бұл ретте шектеу бүкіл Алматыға таралмайды. Ол LEZ шекарасында ғана күшіне енеді. Қазіргі уақытта пилоттық аймақ Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке қарай, Абай даңғылынан солтүстікке қарай, Желтоқсан көшесінен шығысқа және Достық даңғылынан батысқа қарай орналасқан шаршыны қамтиды.
Дегенмен, LEZ-дің нақты шекарасы пилоттық жобадан кейін бекітілуі тиіс.

"Бұл норма Алматының барлық аумағында бірден қолданылады дегенді білдірмейді. Шектеу тек төмен шығарындылар аймағының шекарасы белгіленгеннен кейін сол аумақта күшіне енеді. LEZ шекарасы Алматы әкімдігінің жеке қаулысымен бекітіледі", – деп хабарлады басқарма.

Алматыдағы LEZ аймағы
Еске сала кетейік, Қазақстандағы алғашқы LEZ аймағы Алматының орталығында 2026 жылғы 28 сәуірде пилоттық режимде іске қосылды. Ол Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке қарай, Абай даңғылынан солтүстікке қарай, Желтоқсан көшесінен шығысқа қарай және Достық даңғылынан батысқа қарай шаршыда орналасқан. Пилоттық жоба 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.
Алматыдағы LEZ аймағының картасы / Фото: almaty-parking.kz
Жүйе операторы – "Алматы паркинг". Пилоттық кезеңде ешқандай шектеу, айыппұл немесе кіру ақысы алынбайтыны атап өтілген болатын.
Анықтама: Айта кетейік, қазіргі пилоттық шекара түпкілікті болып саналмайды. LEZ толыққанды жұмыс істеуі үшін әкімдік оның аумағын бөлек анықтауы тиіс.
LEZ аймағында тағы қандай тыйым салынады?
Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары пиротехникаға ғана қатысты емес.
2025 жылғы 30 желтоқсанда Алматы мәслихаты төрт бағытты қамтитын құжатты бекітті:

автокөлікке қойылатын арнайы экологиялық талаптар;
III санаттағы стационарлық нысандарға қойылатын арнайы экологиялық талаптар;
мониторинг жүргізу және заңбұзушылықтарды анықтау;
шығарындылар деңгейі төмен аймақты (Low Emission Zone, LEZ) ұйымдастыру.

LEZ аймағында не өзгерді?
Бірінші кезең басталып кетті. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Алматыда автокөліктердің экологиялық нормаларға сәйкестігі кезекті жоспарлы техникалық байқау кезінде тексеріледі. Ол үшін міндетті техникалық зерттеу енгізілді.
Бензинмен және газбен жүретін көліктердің пайдаланылған газдарының уыттылығы, ал дизельді көліктердің түтінділігі тексеріледі. Мұндай тексеруден бөлек және алдын ала өтудің қажеті жоқ.
Болашақта экологиялық тексеріс нәтижелерін LEZ аймағына көліктердің кіруін бақылау үшін де пайдалану жоспарланған.
Жаңа ереже кезекті техникалық байқау мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін келетін көліктерге қолданылады. Егер автокөлік бұл күнге дейін техникалық байқаудан өткен болса, құжат белгіленген мерзім аяқталғанға дейін күшінде қалады. Рәсімнен қайта өту немесе шығарындылар деңгейін алдын ала тексеру талап етілмейді. Техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген жұмыс істеп тұрған орталықта өтуге болады. Шығарындыларды тексеруді аккредиттелген және бірыңғай жүйеге қосылған, сертификатталған жабдықтары бар станциялар ғана жүргізеді.
Бұл ретте жүргізуші тиісті аккредиттелген станцияны таңдаса, екі рәсімнен бір жерде өте алады. Станциялар тізімі мына сілтемеде.
Ереже бұзу деректері қалай тіркеледі?
Ластаушы заттардың шығарындылар деңгейі автокөлікті техникалық байқаудан өткізу кезінде ТБС-да анықталады.
Бұған дейін LEZ аймағына кіру камералар көмегімен автоматты түрде бақыланатыны хабарланған болатын. Олар мемлекеттік нөмірді оқып, автокөліктің техникалық зерттеуден өткен-өтпегенін және оның нәтижесі қандай екенін автоматты түрде тексереді.
Аймақ шекарасында блокбекеттер мен шлагбаумдар болмайды. Көлік кірген кезде иесіне SMS-хабарлама жіберу жоспарланған, ал техникалық зерттеуден өтпеген жағдайда айыппұл салынуы мүмкін.
Сондай-ақ бұған дейін қала тұрғындарынан ескі автокөліктерді сатып алу мәселесі әлі қаралу сатысында екені хабарланған болатын – бұған бөлінетін бюджет пилоттық жоба қорытындысынан кейін анықталады.
Тағы оқыңыз: Камера әр автомобильді тексереді: Алматының LEZ аймақтарында жүргізушілер үшін не өзгереді?