ru24.pro
World News
Сентябрь
2026
1 2 3 4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Бала магнит жұтып қойған: алматылық дәрігерлер ағзада не болатынын көрсетті

0

Алматыда бес жасар бала үш магнит жұтып қойып, сирек кездесетін әрі қауіпті асқынумен ота жасалды, деп хабарлайды Tengri Health Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Магниттер бір-біріне жабысып қалған: не болды?
Министрліктің мәліметінше, бір магнит баланың асқазанында, ал екеуі ащы ішекте болған. Олар бір-біріне тартылып, тұрақты қысым салдарынан тіндерді зақымдаған.
Нәтижесінде асқазан мен ащы ішек арасында саңылау - магниттік фистула пайда болған.
Анықтама. Магниттік фистула - бұл жұтылған магниттердің мүше қабырғалары арқылы бір-біріне тартылуынан екі органның арасында түзілетін қалыптан тыс тесік немесе өзек.
Дәрігерлер алдымен отаны лапароскопиялық әдіспен (кішкентай тіліктер арқылы) бастап, зақымдану деңгейін тексерген соң, араласуды ашық тәсілмен жалғастыруды ұйғарған. Бұл туралы отаны жасаған хирург, Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Марат Қаптағаев мәлімдеді.

"Фистула жойылып, барлық үш магнит алынды, тіндердің зақымдалған бөліктері кесіліп, тігілді. Сонымен қатар құрсақ қуысына санация және дренаж жасалды. Ота сәтті аяқталды. Емдеуден кейін баланың жағдайы жақсарды", - деді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, ем қабылдағаннан кейін баланың денсаулығы оңалып, отадан кейінгі жаралар қабыну белгілерінсіз жазыла бастаған.
Ауруханадан шығару кезінде дәрігерлер бүлдіршіннің жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады.
Алматы қалалық №2 БКА директоры Марат Рабандияров кішкентай магнитті ойыншықтар балалар үшін өте қауіпті екенін ескертті. Ол медициналық көмекке дер кезінде жүгіну ауыр және өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуға көмектесетінін атап өтті.