ru24.pro
World News
Сентябрь
2026
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

“Неке мерзіміңіз аяқталды“: қазақстандықтарға жаңа қауіп туралы ескертілді

0

Әлеуметтік желілерде ерекше хабарлама көрсетілген видео тарады. Онда ерлі-зайыптыға неке тіркеуін ұзарту үшін 21 345 теңге төлеу ұсынылған. Әділет министрлігі мұндай процедураның бар-жоғын түсіндірді, деп хабарлайды Tengri Life.
Бәрі қалай басталды?
Бұл оқиға әлеуметтік желідегі әзіл тренді ретінде басталған: әйелдер банктерден келген push-хабарламалардың скриншоттарын немесе мәтіндерін қолдан жасап, күйеулерінің реакциясын тексеру үшін оларға жіберген. Осындай роликтердің бірінде ерлі-зайыпты келген "шотты" талқылайды, содан кейін аң-таң болған күйеуі некенің күшін жоймау үшін 21 345 теңгені аударуға келіседі.
Скриншот: TikTok
Ролик 200 мыңнан астам қаралым жинады. Кейбір қолданушылар күйеулерінің сенгіштігіне күліп, пікірлерде өз серігін "сындыру" үшін "дайын мәтінді" сұраса, енді біреулері Қазақстанда шынымен де некені мезгіл-мезгіл ұзарту қажет пе дегенге күмән келтірді. Кейбіреулер бұл хабарлама алаяқтықпен байланысты болуы мүмкін деп болжады - мысалы, қаскөйлер осылайша ақша немесе жеке деректерді иемденуге тырысуы мүмкін.

"Неге 21 мың? Біржола өмір бойғы жазылым үшін 100 мың сұрау керек еді!", "Менің күйеуім мұндай хабарламаға: "Қойшы, ұзартпай-ақ қояйын" деп жауап берді", "Ең бастысы, күйеуіңнің сенімен некені ұзартуға ниеті бар екен!", "Ал мен тексеріп көрдім - шынымен де одан 10 000 теңге алып үлгердім!" - деп жазды желі қолданушылары пікірлерде.

Әділет министрлігі не деді?
Ал Әділет министрлігі "некені ұзарту" үшін қандай да бір төлем жасау қажеттігін жоққа шығарды.

"Әлеуметтік желілерде екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы алаяқтық сипаттағы "некені тіркеу мерзімін ұзарту" қажеттігі туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Әділет министрлігі неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркелетінін және оның белгіленген жарамдылық мерзімі болмайтынын ескертеді. Осыған байланысты некені ұзарту талап етілмейді", - деп атап өтті Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Неке қашан тоқтатылады?
Ведомство өкілдері некенің тек ресми түрде ғана тоқтатылатынын бөлек түсіндіріп өтті.

"Неке ерлі-зайыптының бірінің немесе екеуінің де өтініші бойынша бұзылу жолымен, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылуы мүмкін. Некені бұзу тек тіркеуші органда немесе сот тәртібімен жүзеге асырылады", - деп атап өтті министрлік.

Егер неке тіркеуші орган арқылы бұзылса, ол бұзылу мемлекеттік тіркелген күннен бастап тоқтатылады. Сот арқылы бұзылған жағдайда - сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтайды.
Алаяқтық хабарламаларға қалай алданбауға болады?
Әділет министрлігі қазақстандықтарды күмән тудыратын мұндай хабарламаларға сенбеуге шақырды.
Ведомство мынадай кеңестер береді:

күдікті хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу;
онда көрсетілген деректемелер бойынша ақша аудармау;
жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеу.

Егер хабарлама күдікті болып көрінсе, ақпаратты ресми ресурстардан өз бетінше тексерген немесе тиісті мемлекеттік органға жүгінген абзал.