Ғылым, білім және инновация: Тоқаев Қазақстанның негізгі басымдықтарын айқындады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Конституциясында ғылымға, білімге және инновацияларға басымдық берілгенін еске салды. Бұл туралы Мемлекет басшысы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған мектеп оқушылары және студенттермен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Биыл еліміздің оқушылары 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, мыңнан астам медаль иеленді, оның 200-ден астамы – алтын. Президент бұл көрсеткішті айрықша жетістік деп атады.
"Осы тұста халықаралық физика олимпиадасында керемет өнер көрсеткен оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Беделді бәсекеге қатысқан бес талапкеріміздің бесеуі де алтын медаль алып, жеңімпаз атанды. Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш. Жалпы, біз барлық бағыттар бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде жүріп жатқан тарихи өзгерістерге де жеке тоқталып өтті.
"Біз бір ел, бір халық болып ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Жаңа Конституциямызды қабылдадық. Еліміздің бас құжатында ғылым мен білімге, инновацияға басымдық бердік. Ең бастысы, жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін жазылды. Кеше ғана тарихымызда тұңғыш рет Құрылтай сайлауы өтті. Бұл сайлау сәтті, мінсіз ұйымдастырылды деп айтсақ, қате болмас. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүкіл халқымызға азаматтық кемелдік танытып, жаңару стратегиямызды қолдағаны үшін мың да бір алғысымды айтамын. Сайлау кезінде бір топ байқаушылар, соның ішінде халықаралық байқаушылар өте тиімді жұмыс істеді. Оларға да зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне рахметімді айтамын. Олар өте табанды қызмет атқарды", – деді Президент.
“Ел мақтанышы деген атқа лайық“: Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарымен кездесті
