ru24.pro
World News
Август
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Студенттер бағытын өзгертіп жатыр: Қазақстан үшін мүмкіндіктер терезесі ашылды ма?

0

Канада шетелдік студенттер ағынын күрт азайтып жатыр, Ұлыбритания олардың отбасы мүшелеріне арналған мүмкіндіктерді шектеп, оқу бітіргеннен кейін елде қалу мерзімін қысқартты, ал АҚШ университеттері халықаралық деңгейде жаңадан қабылдау көрсеткішінің төмендегенін тіркеді. Қазақстан болса, дәл осы уақытта кері бағытта келе жатыр: мұнда шетелдік студенттер саны артты, ал 2029 жылға қарай елде олардың санын 100 мыңға жеткізу жоспарланған.

Tengrinews.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректері мен халықаралық статистиканы зерттеп, әлемдік білім нарығында Қазақстан үшін шынымен де жаңа мүмкіндіктер терезесі ашылды ма және елдің өзі бұған дайын ба деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Қазақстан шетелдік студенттер санын үш есеге жуық арттырмақ

2025/2026 оқу жылында Қазақстан жоғары оқу орындарында 88 елден келген 35 075 шетелдік студент білім алды. Бір жыл ішінде олардың саны 11 пайызға өскен. Министрлік деректеріне сәйкес, 2029 жылға қойылған мақсат бұдан әлдеқайда жоғары - 100 мың адам.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің иллюстрациясы

Ғылым және жоғары білім министрлігі Tengrinews.kz-ке ұсынған соңғы мәліметтерде 37 051 шетелдік студент көрсетілген.

Бір қызығы, Қазақстанға оқуға келетіндердің географиясы да өзгерген.

Министрлік мәліметінше, 2024 жылдың өзінде Азия елдерінен келген студенттер саны алғаш рет ТМД елдерінен келгендерден асып түскен - 12 816 адамға қарсы 17 818 адам. Жаңа картадағы ең үлкен жеке топты әлі де Үндістаннан келген студенттер құрайды - 9 959 адам.

Яғни, әңгіме тек посткеңестік кеңістіктегі үйреншікті білім беру миграциясы туралы емес. Қазақстан әлдеқайда үлкен Азия нарығына белсенді түрде шығып жатыр.

Бұл жағдай халықаралық білім берудің бірнеше дәстүрлі орталықтары басқа бағытқа бет бұрған сәтте болып отыр.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің иллюстрациясы

Батыс ережелерді қатайтты

АҚШ пен Ұлыбритания әлі де әлемдегі ең ірі білім беру орталықтары болып қала береді, ал олардың университеттері шетелдіктерді қабылдауға мүдделі. Дегенмен, шарттар айтарлықтай өзгерген.

Ең күрт бетбұрыс Канадада болды. 2024 жылдан бастап онда оқуға рұқсат алуға өтініш қабылдауға шектеу қойылған. Билік бұл шараларды миграциялық ағынды қалалардың мүмкіндіктеріне, тұрғын үй нарығына және әлеуметтік инфрақұрылымға сәйкестендіру қажеттілігімен түсіндіреді. Жергілікті мемлекеттік органдардың мәліметінше, 2025 жылы Канада бір жыл бұрынғымен салыстырғанда шамамен 61 пайызға аз жаңа шетелдік студент қабылдаған.

Ұлыбританияда 2024 жылдың қаңтарынан бастап шетелдік студенттердің көпшілігіне өздерімен бірге отбасы мүшелерін алып келуге тыйым салынды. Негізінен бұл мүмкіндік тек зерттеу бағдарламалары мен докторантурада оқитындар үшін қалды. Бұл туралы студенттік виза ережелерінде айтылған.

Сондай-ақ түлектердің оқудан кейін елде қалу мерзімі де қысқарып жатыр. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Graduate visa-ға өтініш беретін бакалаврлар мен магистрлер үшін бұл мерзім қазіргі екі жылдың орнына 18 айды құрайды. Докторлық бағдарлама түлектері үшін үш жылдық мерзім сақталады. Бұл иммиграциялық ережелерге сай.

Бұл ретте АҚШ-та Халықаралық білім беру институтының (Institute of International Education) мәліметінше, 2025 жылдың күзінде Америка колледждері мен университеттеріне алғаш рет оқуға түскен шетелдік студенттердің саны 17 пайызға азайды. Зерттеу 828 жоғары оқу орнын қамтыды.

Айта кету керек, шетелдік білімге деген әлемдік сұраныс ешқайда жоғалмайды, бірақ ондаған жылдар бойы орасан зор халықаралық ағындарды жинаған елдердің бір бөлігі оларды қатаңдатылған түрде реттей бастады.

Қазақстан тек студенттерді ғана емес, университеттерді де әкеле бастады

Қазақстанның басты мақсаттарының бірі - шетелдіктерді тек жергілікті жоғары оқу орындарына шақыру ғана емес, сонымен қатар елге шетелдік университеттердің бағдарламалары мен филиалдарын көшіру.

Ғылым министрлігінің мәліметінше, елде шетелдік жоғары оқу орындарымен ондаған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ведомство ұсынған картада 33 жоба жұмыс істеп тұрғаны, тағы жетеуі 2026 жылы ашылуы тиіс екені айтылған.

Серіктестер арасында АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Италия, Германия және басқа да елдердің университеттері бар.

Алматыда Францияның Grenoble INP – Phelma инженерлік мектебімен бірлескен жоба жоспарланған, онда ядролық және жаңартылатын энергетика бойынша бағдарламалар іске қосылмақ.

Жезқазғанда тау-кен ісі саласындағы әлемдегі ең мықты мамандандырылған жоғары оқу орындарының бірі - Colorado School of Mines-пен бірлескен жоба дайындалуда. Геология, мұнай-газ инженериясы және тау-кен ісі бойынша бағдарламалар жоспарланған.

Тағы бір ірі жоба оңтүстіккореялық KAIST университетімен байланысты. Министрлік материалдарында электротехника мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардан бастап биотехнологиялар мен жасанды интеллектке дейінгі бағыттар көрсетілген.

2026 жылы британдық University of Exeter және University of Glasgow, сонымен қатар венгриялық University of Debrecen университеттерімен жобалардың ашылуы белгіленген.

Модельдің мәні: студентке АҚШ-қа, Ұлыбританияға немесе Оңтүстік Кореяға мыңдаған шақырым жерге кетпей-ақ, халықаралық деңгейдегі білім алу ұсынылады.

Көршілес аймақтан келетін шетелдік талапкер үшін есеп басқаша болуы мүмкін: Лондон немесе Торонтоға емес, мысалы, Алматы немесе Астанаға келіп, танымал шетелдік университеттің бағдарламасы бойынша оқу.

Ниет білдірушілер бар ма?

Сұраныс көрсеткіштерінің бірі – шетелдіктерге арналған мемлекеттік білім беру гранттары бағдарламасы.

550 грантқа 2026/2027 оқу жылына 71 елден 16 098 өтінім келіп түскен. Қорытынды тізімге 49 мемлекеттің азаматтары енді, деп хабарлады Ғылым министрлігі.

Министрлік ақпаратынша, байқауға қатысушылардың едәуір бөлігін қандастар - Қазақстан азаматтығы жоқ этникалық қазақтар құрады. Сондықтан 16 мың өтінімді толығымен қазақстандық білімге деген жаңа сыртқы сұраныс деп санауға болмайды.

Дегенмен география ауқымы кеңейіп келеді. Грант иегерлерінің арасында алғаш рет АҚШ, Италия, Германия, Мальдив аралдары және Оңтүстік Корея азаматтары бар. Өтінім беруде Палестина, Индонезия, Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары ең жоғары белсенділік танытты.

Сонымен қатар Қазақстан шетелде өз білімін белсендірек жарнамалай бастады.

Министрлік материалдарында Study in Kazakhstan жобасының таныстырылымдары Лондон, Баку, Исламабад және Үрімжі қалаларында өткені көрсетілген. Келесі іс-шаралар Үндістан, Вьетнам, Индонезия, Малайзия, Түркия, БАӘ, Катар, Мысыр және басқа елдерде жоспарланған.

2026 жылы аттас цифрлық платформа да іске қосылуы тиіс, онда шетелдік талапкерлерге қазақстандық жоғары оқу орындары, бағдарламалар мен түсу шарттары туралы ақпарат жинақтау уәде етілген.

Ал тағы ондаған мың студент қайда тұрады?

Қазіргі 35 075 шетелдік студенттен межеленген 100 мыңға жету үшін Қазақстан студенттер санын тағы 65 мың адамға көбейтуі қажет. Бұл үшін тек шетелдік филиалдарды ашу жеткіліксіз.

Аудиториялар, кампустар және басқа елдер мен қалалардан келетіндер үшін ең маңыздысы – жатақханалардан орын қажет.

Ғылым министрлігінің мәліметінше, студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығы 2019 жылғы 82,5 мыңнан 2025 жылы 6 840-қа дейін азайды. Ведомство Астана мен Алматыдан басқа барлық аймақтарда жетіспеушілік толығымен дерлік жойылғанын алға тартады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің иллюстрациясы

Сонымен қатар ірі жобалардың құрылысы жүріп жатыр.

Астанада жаңа ENU-град кампусы жоспарланған. Оған 58 гектар жер телімі қарастырылған, ал кешеннің өзі 12 мың студентке арналған. Объектілердің жалпы ауданы 350 мың шаршы метрді құрауы тиіс.

Алматыдағы ҚазҰУ-град жобасы одан да ауқымды. Министрлік материалдарында 72 гектар аумақ пен 50 мың студенттік болжамды контингент көрсетілген. Салынатын нысандардың ауданы 370 мың шаршы метр деңгейінде белгіленген.

Ғылым және жоғары білім minitstirliginiń иллюстрациясы

Бөлек бағыт – жатақханалар.

Ведомство материалдарында ЕҰУ үшін 2 656 орындық жоба ұсынылған, оны министрлік Қазақстандағы ең ірі студенттер жатақханасы деп атайды. Оның құны 14,8 миллиард теңгеге бағаланған, ауданы - 51,4 мың шаршы метр.

Сонымен қатар инфрақұрылымның бір бөлігі халықаралық университеттік жобалармен тікелей байланысты. Петропавлда Аризона университеті бағдарламасының студенттері үшін 1 200 орындық жатақхана қарастырылған.

Алматыда ХҚК-ның Academic City жобасы студенттер үшін тағы 4 280 орын және оқытушылар үшін 342 пәтер беруі тиіс.

Жоғары мектепті кеңейтуге бағытталған инфрақұрылымдық дайындық шынымен де жүріп жатыр. Алайда жаңа кампустар мен жатақханалардың қанша бөлігі шетелдік студенттер саны 100 мыңға жақындауы тиіс кезге дейін пайдалануға берілетінін айту әзірге қиын.

Неге негізгі күрес Азия үшін болуы мүмкін

Шетелдік студенттердің қазіргі құрылымынан Қазақстан үшін басты нарық Еуропа немесе Солтүстік Америка емес екені көрінеді.

Бұл, ең алдымен, Азия.

Бұл жерде Қазақстан АҚШ және Ұлыбританиямен емес, басқа да қарқынды дамып келе жатқан білім беру орталықтарымен - Түркия, БАӘ, Малайзия, Оңтүстік Корея және бірқатар басқа елдермен бәсекелеседі.

Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық бағыты да осыны аңғартады.

Қытаймен қарым-қатынастың жеке картасында Ғылым министрлігі 193 серіктес университет пен 416 ынтымақтастық туралы келісімді көрсетеді. Елде инженерия, жасанды интеллект, мұнай-газ саласы, көлік, материалтану және басқа да бағыттар бойынша бірлескен бағдарламалар жұмыс істейді.

Оңтүстік Кореямен жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, инженерия, электроника және сирек кездесетін металдар саласындағы жобалар дамып келеді.

Қазақстан батыстық және азиялық университеттік брендтер Орталық және Оңтүстік Азияның ауқымды студенттер нарығымен тоғысатын нүктеге айналуды көздеп отырған көрінеді.