ru24.pro
World News
Август
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Қазақстандағы блэкаутқа Қырғызстан ГЭС-індегі ақау себеп болған - KEGOC

0

Қазақстанның оңтүстігінде жарықтың жаппай өшу себебі белгілі болды. Апат Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-інде гидрогенераторлардың істен шығуынан болып, бүкіл Орталық Азияның энергия жүйесінде іркіліс тудырған. Бұл туралы Tengrinews.kz-ке KEGOC компаниясы хабарлады.
Жарық қай жерде және қалай өшті?
Компания мәліметінше, осы жағдайға байланысты Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында электр қуатын беру тоқтатылған.
Сондай-ақ Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында да іркілістер болды.

"2026 жылғы 14 тамызда сағат 14:37-де Тоқтоғұл ГЭС-інде (Қырғызстан) екі гидрогенератордың істен шығуы Қазақстан БЭЖ-інің "Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік" транзитіне шамадан тыс жүктеме түсіріп, Оңтүстік аймақтың Қазақстан БЭЖ-інен және Орталық Азия (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) біріккен энергия жүйелерінен ажырауына әкеп соқты", – деп хабарлады KEGOC.

Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді.
Орталық Азияда не болды?
Алдын ала мәлімет бойынша, электр энергиясының жаппай өшуі төрт елге әсер еткен. Алматы мен облыста жарық өшкеннен кейін, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан тұрғындары да іркілістер туралы хабарлай бастады.
Өзбекстанда электр энергиясы ауқымды өшкеннен кейін БАҚ пен пабликтер бұл іркілісті Қазақстанның энергия жүйесіндегі апатпен байланыстыра бастады. Қазақстанның Энергетика министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Алматыда не болды?
14 тамызда сағат 15:00 шамасында қаланың түрлі ауданында жарық сөніп қалды, көп ұзамай Алматы облысының тұрғындары да электр қуатындағы іркілістер туралы хабарлай бастады.
Энергетика министрлігі энергожүйеде "қуаттың күрт артуы" – Орталық Азияның энергожүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруі болғанын түсіндірді. Осыған байланысты апатқа қарсы автоматика іске қосылып, бірнеше өңірдегі тұтынушылардың бір бөлігі желіден уақытша ажыратылды.
Бұл Алматы үшін ауыр зардапқа әкелді. Бағдаршамдар сөніп, қалада кептеліс болды. Полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, реттеушілер қиылыстарға шықты.
Әлеуметтік желі қолданушылары, әдеттегідей, бұл жағдайды 14 тамыз кешке Алматыда өтетін танымал рэпер Канье Уэстің концертімен байланыстырып үлгерді. Tengrinews.kz тілшісі ең қызықты реакцияларды жинап шықты. Толығырақ мына жерден оқыңыз.