Қазақстанда садақа, көрімдік пен сүйінші “цифрландырылады“
Қазақстандықтар садақа, көрімдік, сүйінші және асарға ақшаны автоматты түрде аудара алады. Бұл туралы BTS Digital өкілі Мақсат Нұриденұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Aitu мессенджерінде қазақстандықтардың салт-дәстүрлері мен күнделікті өміріне қатысты функциялар пайда болады. Оның басты ерекшеліктерінің бірі отбасылық чаттарға арналған мүмкіндіктер болмақ.
Нұриденұлының айтуынша, бүгінде Қазақстанда 8 миллионнан аса отбасы тұрады және олардың әрқайсысының дерлік туыстарымен ортақ чаты бар. Мұндай чаттарда пайдаланушылар фотосуреттерді сақтай алады, маңызды отбасылық оқиғалар күнтізбесін жасап, еске салулар алып, түрлі іс-шараларды ұйымдастыра алады.
Сонымен қатар әзірлеушілер қазақстандықтар үшін үйреншікті ақшалай дәстүрлерді цифрлық форматқа көшіруді жоспарлап отыр.
"Сондай-ақ қазақстандықтар үшін сүйінші, көрімдік, садақа және асар сияқты салт-дәстүрлерге байланысты үйреншікті автоматты ақша аударымдары қолжетімді болады", - деді BTS Digital өкілі.
Анықтама: Сүйінші - қуанышты хабар жеткізіп, ол үшін символикалық сыйлық немесе ақшалай сыйақы алу дәстүрі. Көрімдік - жаңа туған нәрестені, келінді немесе жаңа затты алғаш көргені үшін берілетін сыйлық немесе ақшалай сыйақы. Садақа - мұқтаж жандарға немесе қайырымдылық мақсаттарға өз еркімен берілетін жылу. Асар - туыстар, көршілер немесе ауылдастар бірігіп, үлкен немесе қиын жұмысты атқаруға көмектесетін ұжымдық өзара көмек дәстүрі.
Осылайша, пайдаланушылар белгілі бір оқиғаларға немесе дәстүрлерге байланысты тиісті ақша аударымдарын алдын ала баптай алады.
Тағы бір бағыт цифрлық "Шежіре" болмақ. Пайдаланушылар өз отбасының тарихы мен шежіресін ыңғайлы цифрлық форматта сақтай алады.
Анықтама: Шежіре - ата-бабалар мен туыстық байланыстар туралы мәліметтерді қамтитын әулеттің шығу тегі.
Әзірлеушілер қазақ тіліне ерекше көңіл бөлген. Қосымшада қазақ және орыс тілдері арасында автоматты аударма жасау жоспарланған. Нұриденұлының айтуынша, бұл функция 100-ден астам этнос өкілдері тұратын Қазақстан үшін өте өзекті.
