Қазақстандық әйел емделіп жатқанда үйі мен пәтерінен айырылып қалған
Шымкентте II топтағы мүгедектігі бар әйел облыстық психикалық денсаулық орталығында емделіп жатқанда айырылып қалған үйін, жер телімін және пәтерін сот арқылы қайтарып алды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Соттың мәліметінше, әйел сенімхаттар мен жылжымайтын мүлкті сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берген. Оның айтуынша, ол сенімхаттардың қандай жағдайда рәсімделгенін білмейді және өз мүлкін иеліктен шығаруға келісім бермеген.
Сондай-ақ әйел құжаттарға қол қою кезінде облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық емдеуде болғанын алға тартқан. Оның пікірінше, екі нотариус пен үш туысы оның жағдайын пайдаланып, құжаттарды рәсімдеп алған, содан кейін оған тиесілі жер телімі бар тұрғын үй мен пәтер сатылып кеткен.
Істі қарау барысында Шымкенттің азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты сенімхаттарды алғаннан кейін туыстары әйелдің атынан әрекет етіп, оның жылжымайтын мүлкін иеліктен шығарғанын анықтады. Соның салдарынан ол жалғыз баспанасынан айырылып, туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болған.
"Сот-психиатриялық сараптамасы бұл әйелдің 2019 жылдан бастап психикалық аурумен – интеллектуалды-мнестикалық функциялары төмендеген органикалық этиологиядағы тұлғаның бұзылуымен ауыратынын растады. Сенімхатқа қол қою кезінде ол өз іс-әрекетінің мәнін түсіне алмаған және оған иелік ете алмаған", - делінген хабарламада.
Ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, сот сенімхаттарды рәсімдеу кезінде талап қоюшының ерік-жігері саналы болмаған, сондықтан мәмілелер заңды деп танылмайды деген қорытындыға келді.
"Сот сенімхаттарды да, сатып алу-сату шарттарын да жарамсыз деп танып, тараптарды бастапқы қалыпқа келтірді. Әйелдің мүліктік құқықтары қалпына келтірілді", - деп хабарлады Жоғарғы сот.
Шешім заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық әйел сот арқылы әкесін өзіне тиесілі үйден шығаруға тырысқан. Алайда апелляциялық және кассациялық сатылар ер адамның жағына шығып, оның баспанада тұруын жалғастыру құқығын таныды.
