ru24.pro
World News
Июнь
2026

Азаматтардың әл-ауқатын арттыру: Тоқаев мемлекеттің басты мақсатын атады

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет. Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ", - деді Тоқаев.

Президент ауқымды әрі күрделі міндеттерді іске асыру үшін "табанды және нәтижелі" жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.

"Осы тұста бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарымызды айқындап алу қажет деп санаймын", - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев мемлекеттік биліктің жаңа архитектурасын қалыптастыру мәселесіне жеке тоқталды. Оның айтуынша, осы шақырылымдағы Парламент заң шығару жұмысының жоғары сапасымен және депутаттық корпустың бұрын-соңды болмаған нәтижелілігімен есте қалады.

"Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар", - деді Тоқаев.

Бұл ретте Президент тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданғанын атап өтті. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар.

"Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер", - деді Президент.