ru24.pro
World News
Июнь
2026

“Сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек“: Тоқаев мемлекеттік басқару туралы пікір білдірді

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан дәстүрлі бюрократиядан мемлекеттік басқарудың заманауи сервистік моделіне көшуі тиіс екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды тілші.Tengrinews.kz.
Президенттің айтуынша, алдағы ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдары Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясында айқындалды. Бұл құжат маусымның басында бекітілген.

"Біз жасанды интеллектіні экономиканың барлық негізгі саласына енгізіп, мемлекеттік басқарудың сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Осы бағытта алғашқы маңызды шаралар қолға алынды", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы қаңтарда банк қызметі саласына қатысты жаңа заңдарға қол қойғанын айтты. Сол арқылы цифрлық қаржы активтерін айналымға енгізудің нақты шарттары айқындалды.
Сондай-ақ Тоқаев соңғы бес жылда электронды коммерция нарығы шамамен сегіз есе ұлғайып, 3,7 триллион теңгеге жеткенін айтты. Бұл – еліміздегі бөлшек сауда көлемінің шамамен 15 пайызы.

"Мұның бәрі азаматтарымыздың цифрлық жүйелерге деген сенімі жоғары екенін және олардың тұтынушылық мәдениеті өзгере бастағанын көрсетеді", - деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет ететінін айтты.

"Дәл осы себепті "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады. Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орындалуын ұдайы қадағалап отырамын", - деп мәлімдеді Тоқаев.

Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ең қуатты компьютерлерде, озық дата-орталықтарда жұмыс істейтін маман болмаса, қаржы желге ұшатынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан болашақ архитекторлары мен бағдарлама әзірлеушілерін мектеп партасынан бастап даярлау басталды. Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының жанынан екі инновациялық мектеп ашылды.

"Біз мемлекеттік басқарудың логикасы мен философиясын түбегейлі өзгертуіміз керек. Әдеттегі бюрократиядан арылып, тиімділігі жоғары "Мемлекет-платформа" (GovTech) сервистік парадигмасына батыл түрде көшуіміз қажет, - деп түйіндеді Тоқаев.

Мән-жайы
Маусымның басында Президент 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі ұлттық стратегияны бекітті. Құжат жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға, экономикаға және әлеуметтік салаға кеңінен енгізуді көздейді.