ru24.pro
World News
Июнь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Аяғы ауыр әйелге көлік жүргізуге және қауіпсіздік белдігін тағуға бола ма: дәрігер пікірі

0

Аяғы ауыр болу көлік жүргізуден автоматты түрде бас тартуды білдірмейді. Көптеген әйел босануға аз уақыт қалғанға дейін жұмысқа, шаруаларымен және саяхатқа шығуды жалғастыра береді. Дегенмен, бұл кезеңде ағзадағы өзгерістерді ескеріп, қосымша қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды.
Tengri Auto автокөлік тізгініндегі болашақ аналарға арналған ұсыныстарды жинақтады.
Аяғы ауыр әйелдерге көлік жүргізуге бола ма?
Аяғы ауыр болған кезде көлік басқаруға нақты тыйым салынбаған. Сонымен қатар көптеген әйел ешқандай қиындықсыз тұрақты түрде рөлге отырады.
Дегенмен, шешім денсаулық жағдайына, жүктілік мерзіміне және дәрігер кеңесіне байланысты қабылдануы тиіс. Егер жүктілік асқынусыз өтсе, көлік жүргізуге әдетте қарсы көрсетілімдер жоқ.
Аяғы ауыр әйелдер расында ұмытшақ бола бастайды ма?
Иә. Жүктілік кезінде көптеген әйел зейіннің нашарлауын және ұмытшақтықты байқайды.
Бұл гормоналды өзгерістерге және ағзаға түсетін күштің артуына байланысты. Кейде болашақ ана тез шаршап, зейіні төмендеуі немесе жолдағы жағдайға назар аударуы қиындауы мүмкін.

"Егер сіз айналаңызда болып жатқан жағдайларға реакцияңыздың нашарлағанын, жол белгілерін байқамай қалатыныңызды немесе зейін қоюда қиындықтар туындағанын байқасаңыз, рөлге отырудан уақытша бас тартқан жөн", - дейді акушер-гинеколог Нұргүл Сәтекова.

Жүктілік кезінде рөлде қалай дұрыс отыру керек?Іш өскен сайын үйреншікті отырыс ыңғайсыз болуы мүмкін. Сондықтан орындық пен рөлді реттеуге көңіл бөлу маңызды.
Негізгі ұсыныстар:

орындықты іш пен рөл арасында қауіпсіз қашықтық қалатындай етіп артқа жылжытыңыз;жақсы көріністі қамтамасыз ету үшін орындық биіктігін реттеңіз;рөлді ішке тимейтіндей етіп реттеңіз;арқа мен белдің ыңғайлы қалыпта болуын қадағалаңыз.

Тіпті шағын автомобильдердің өзінде орындық пен рөл бағанасын реттеу арқылы жайлы қалыпты таңдауға болады.Қауіпсіздік белдігін тағу керек пе?
Иә. Жүктілік қауіпсіздік белдігінен бас тартуға себеп емес.
Оның үстіне, дәл осы белдік жол-көлік оқиғасы кезінде ауыр жарақат алу қаупін айтарлықтай төмендетеді.

"Белдіктің дұрыс орналасуы мынадай: төменгі бөлігі іштің астынан өтіп, жамбас сүйектерінде жатуы керек; жоғарғы бөлігі кеуде арасымен және іштің бүйірінен өтуі тиіс. Белдікті іштің үстіне қоюға немесе қолтық астына жіберуге қатаң тыйым салынады", - деп түсіндіреді маман.

Қосымша жайлылық үшін арнайы адаптерлерді (егер кәдімгі белдік жетпесе) және белдікті дұрыс қалыпта ұстауға көмектесетін жүкті әйелдерге арналған фиксаторларды пайдалануға болады.
Көлік жүргізуден қашан бас тартқан жөн?
Рөлге отыруға кеңес берілмейтін жағдайлар бар.
Оның ішінде:

денсаулықтың нашарлауы;қатты токсикоз;бас айналу;естен тану;артериялық қысымның көтерілуі;жүктіліктің үзілу қаупі;мерзімінен бұрын босану қаупі.

Мұндай жағдайларда емдеуші дәрігердің нұсқауын орындап, мүмкіндігінше көлікті өз бетінше жүргізуден бас тарту қажет.
Болашақ ананың көлігінде не болуы керек?
Егер аяғы ауыр әйел тұрақты түрде көлік жүргізсе, көлікті алдын ала дайындап қойған пайдалы.

"Мен көлікте әрдайым ауыз су, жеңіл тамақ немесе қысым түскен жағдайда жейтін тәттілерді, дәрігер тағайындаған препараттарды, қуатталған телефон мен пауэрбанкті, жақын адамдардың байланыс нөмірлерін ұстауға кеңес берер едім", - деп ұсынады Нұргүл Сәтекова.

Жүктіліктің соңғы кезеңдерінде мамандар көлікте перзентханаға арналған дайын сөмкені алып жүруді де ескертеді.
Түйін
Аяғы ауыр болу әйелді нашар жүргізуші етпейді. Алайда, бұл кезеңде өз денсаулығына мұқият қарау, дәрігер кеңестерін елеусіз қалдырмау және қауіпсіздік шараларын сақтау ерекше маңызды.
Егер сіз шаршау, бас айналу немесе зейін төмендегенін сезсеңіз, жолға шықпағаныңыз абзал. Ал егер жағдайыңыз көлікті жайлы басқаруға мүмкіндік берсе, дұрыс реттелген орындық, қауіпсіздік белдігі және ақылға қонымды сақтық шаралары ана үшін де, болашақ нәресте үшін де сапарды барынша қауіпсіз етеді.
Тағы оқыңыз: Айыппұл алу не адамды құтқару: ауруханаға бара жатқанда жол ережесін бұзуға бола ма?
Тек алкоголь емес: қандай дәрілер жолда жүргізушілерге қауіп тудыруы мүмкін?
Жол апатынан зардап шеккендерге қалай алғашқы көмек көрсету керек және қай кезде араласпаған жөн?