Сынған тағдыр: ІІМ жасөспірімдер туралы фильм түсірді
Ішкі істер министрлігі жасөспірімдердің шынайы оқиғаларына негізделген "Хулиган-ка" атты деректі драманы ұсынды. Туынды зорлық-зомбылық, орта ықпалы және ересектер тарапынан бақылаудың жоқтығы салдарынан өмірі өзгерген жасөспірімдер туралы, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Фильмнің басты кейіпкері - Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін сотталған Дарина. 14 жасында ол өзінен үлкен "құрбысының" ықпалына түсіп, сабақтан қалуды бастайды, алкоголь ішіп, төбелестерге қатысады. Уақыт өте келе агрессия оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналады. Жағдай Дарина қысымға бой алдырып, бір қызды аяусыз соққыға жыққан кезде ушыға түседі. Жәбірленуші ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт ем қабылдауға мәжбүр болады. Бұл оқиға Даринаның қылмыстық жауапкершілікке тартылуына әкелген шешуші кезең болды.
Фильм жасөспірімдер арасындағы қатыгездік көбіне өзін-өзі дәлелдеуге тырысумен, өмірлік бағдардың жоқтығымен және қолдаушы ортаның болмауымен байланысты екенін көрсетеді. Жасөспірімдер өз әрекеттерінің салдарын әрдайым толық түсіне бермейді, ал қарапайым жанжалдың өзі ауыр жарақатқа немесе тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
ІІМ мәліметінше, жасөспірімдер қылмысы мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Дегенмен, жағдай біртіндеп жақсарып келеді. 2026 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 24,3 пайыз төмендеген.
Бұл ретте, ішкі істер органдарының есебінде 2,9 мыңнан астам жасөспірім және балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамайтын 6 мыңнан астам ата-ана тіркелген.
Профилактика мақсатында әр мектепке учаскелік инспекторлар, ювеналды және криминалдық полиция қызметкерлері бекітілген - жалпы саны шамамен 8 мың қызметкер. Оқу орындарында тұрақты түрде құқықтық сабақтар өткізіледі.
Биылғы екі айда 22 мыңнан астам заңды өкіл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүргені үшін жауапкершілікке тартылған. Ал кәмелетке толмағандардың түнде ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 685 мекеме иесі жазаланды.
ІІМ өкілдері "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта жалғасатынын айтты.
"Хулиган-ка" деректі фильмі қоғамға жасалған ескерту: жасөспірімдер агрессиясы өздігінен пайда болмайды. Ол орта, немқұрайлылық және бақылаудың жоқтығы әсерінен қалыптасады. Оны болдырмау үшін отбасы, мектеп және қоғам бірлесіп жұмыс істеуі керек.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
