ru24.pro
World News
Март
2026
1 2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Қазақстанда емханалардағы педиатриялық учаскелер жабылып жатыр: не өзгереді?

0

Қазақстанда 2026 жылдың аяғына дейін емханаларда әлі де жұмыс істеп тұрған педиатриялық учаскелерді қысқарту жоспарланып отыр. Балалар ата-анасымен бірге отбасылық дәрігерге тіркелетін болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қанша "балалар" учаскесі бар және неге қысқартылып жатыр?
Әлеуметтік желілерде алматылық әйел кішкентай баласы тіркелген емханада педиатриялық учаскені қысқартып жатқанын айтып шағымданған. Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы жанындағы БМСК орталығының жетекшісі Әсел Хасенова бұл жалғыз жағдай емес екенін айтты.

"2027 жылға қарай ел бойынша әлі жұмыс істеп тұрған педиатриялық және терапевтік учаскелердегі пациенттерді жалпы практика дәрігерлеріне (ЖПД) көшіру туралы тапсырма бар", - деп түсіндірді Хасенова.

Бұл жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Педиатриялық учаскелер біртіндеп қысқартылып жатыр. 2024 жылы Қазақстанда олардың саны 1770 болса, қазір - 1421.
Бұл шешімнің мәнін спикер былай түсіндірді:

"Біз 15 жылдан аса уақыт бойы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі дәл жалпы практика дәрігері жүзеге асыратын отбасылық тәсілге негізделуі керек деп айтып келеміз. Балалар ата-анасынан бөлек өспейді. Балаға әсер ететін барлық қауіп факторлары ең алдымен оның ортасына байланысты", - деді ол.

Әсел Хасенова балалар көмексіз қалмайтынын айтты. Барлық емханада ерте даму және араласу орталықтары немесе кабинеттері жұмыс істейді, педиатриялық учаскелер таратылғаннан кейін де балалар дәрігерлері сол жерде қабылдауын жалғастырады.

"Учаскеде педиатр кішкентай пациенттерді қабылдаумен қатар, есептілік пен құжаттарды толтырады, бұл күнделікті жұмыс уақытты алады. Қазір дәрігерлерді осы жүктемеден босатып, олардың толықтай балалармен жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отырмыз", - деді сарапшы.

Педиатриялық учаске қысқартылса не істеу керек?
Хасенованың айтуынша, жаңадан келген балалар қазірдің өзінде педиатриялық учаскелерге емес, ата-анасы немесе заңды өкілі тіркелген жалпы практика дәрігеріне ғана бекітіледі.

"Педиатриялық учаске қысқартылған жағдайда да дәл солай болады. Біртіндеп олардың саны азаяды, ал балалар ата-анасының бірі тіркелген учаскеге ауыстырылады", - деп түсіндірді БМСК орталығының жетекшісі.

Ол дені сау балаларды жалпы практика дәрігері қарайтынын нақтылады. Егер ол баланың жағдайына байланысты қандай да бір мәселені балалар дәрігері бағалауы керек деп есептесе, баланы педиатрға жолдайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!