ru24.pro
World News
Февраль
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20
21
22
23
24
25
26
27
28

Тоқаевтың "7 трлн теңге" жайлы сөзінен кейінгі тексеріс: Ұлттық банк әзірге заңсыздық таппаған

0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық банктердің бірі 7 трлн теңгеден аса қаржыны шетелге заңсыз "жөнелткені" жайлы сөзінен кейін елдің қаржы реттеуші органы коммерциялық банктердің бірін тексерген. Бұл жөнінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловқа сүйенген BES.media сайты хабарлады.

Оның сөзінше, айтылған сома бұл "шетелге шығарылған қаражат емес – банк транзакцияларының жиынтығы". Трансшекаралық операцияларды тексеру қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірігіп жүзеге асырылып жатыр. Әзірге қаржы реттеуші органдар заңсыздық анықтаған жоқ деді ол.

Шолпанқұловтың сөзінше, 7 трлн теңге жайлы дерек – бұл барлық операциялардың айналымы. Мысалы, бір күнде екі шот арасындағы көптеген аударым ақырғы айналымның сомасын арттырып жіберуі мүмкін, бірақ бұл заңсыздық болды деген нәрсе емес деді ол.

Шолпанқұлов нақты қай банк тексерілгенін айтудан бас тартты.

"Не үшін керек сіздерге ол? Нақты қай банк екенін айтып, сосын қателесу... Қазір баспасөзге нақты қай банк екенін айтпаған жөн" деді Шолпанқұлов BES.media сайтына.

Тексерістің нәтижесі алдағы уақытта жарияланады.

28 қаңтарда Тоқаев қаржы мониторинг агенттігіндегі жиында "Жақында [Қаржы мониторинг агенттігінің] төрағасы [Жанат] Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы "жөнелтілгені" туралы баяндады" деп айтқан еді.

"Менің ойымша, бұл - заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды" деді Тоқаев.

Ол нақты қай ел және қандай банк екенін айтпаған. Бірақ ізінше бұл мәлімдеме Ақорда және бірқатар сайттан алынғаны белгілі болды. Ақорда бұған түсініктеме бермеді.

Бұған дейін бірнеше коммерциялық банк мәлімдеме таратып, өздерінің оқиғаға қатысы жоқ екенін айтқан.