ru24.pro
World News
Февраль
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28

АҚШ вице-президенті Арменияға сапармен барды

0

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 9 ақпанда Арменияға ресми сапармен барды. АҚШ әкімшілігінің осындай жоғары лауазымды өкілі Арменияға алғаш рет барып отыр.

Вэнс Армениядан кейін сейсенбі күні Әзербайжанға да бармақшы. Ақ үй осы сапар алдында Вэнстің Армения мен Әзербайжанға сапары осы екі ел арасындағы бейбіт келісімді қолдауды көздейді деп мәлімдеген. Келіссөздерде Әзербайжанның негізгі аумағын оның анклавы – Нахичеван автономиялық республикасымен байланыстыратын көлік дәлізін салу мәселесі де талқыланбақ. Бұл жол Армения аумағы арқылы өтеді деп жоспарланған. Армения мен Әзербайжан басшылары былтыр тамыз айында АҚШ президенті Дональд Трамптың атымен аталатын осы дәліз жөнінде келісімге келген, алайда көптеген техникалық және саяси мәселелер әлі шешілген жоқ.

Дүйсенбі күні АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Ереванда Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен бірге баспасөз мәслихатын өткізді. Екеуі бейбіт атом саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Вэнс АҚШ Арменияның ядролық энергия саласына 9 миллиард доллар инвестиция құяды деп мәлімдеді.

Сарапшылар бұл сапар Оңтүстік Кавказда АҚШ-тың ықпалы күшейіп келе жатқанын байқатады дейді. Бұған дейін Армения мен Әзербайжан президент Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесі жұмысына қатысуға келісім берген. Олармен бірге осы кеңеске Қазақстан да қосылған.

Бақылаушылар АҚШ вице-президенті бұл сапарында Оңтүстік Кавказдағы бұрыннан бері Вашингтонның негізгі одақтасы саналып келген Грузияға бармайтынына назар аударған. Грузия Бейбітшілік кеңесі жұмысына шақырылмаған, әрі талқыланып отырған транзит дәлізі де оның аумағынан өтпейді. Трамп әкімшілігі билікке келгеннен кейін Грузия үкіметі АҚШ-тың Джо Байден кезіндегі үкіметі енгізген санкцияларды жоюға талпынғанымен, әзірге одан нәтиже жоқ.