Журналисті экстремистке теңестірген заман. Орталық Азиядағы медиа мен авторларға ауыр тиген жыл
2025 жыл Орталық Азия елдеріндегі тәуелсіз басылымдар мен журналистерге жеңілдік әкелген жоқ. Халықаралық ұйымдар дерегінше, аймақтағы елдерде онсыз да өрісі шектеулі сөз еркіндігі барған сайын тарылып барады. Медиа мен интернетті бақылаудың жүйелі түрде күшеюі, журналистер мен белсенділерді қудалау, "ақпараттық қауіпсіздік" туралы заңдардың көбеюі және цифрлық бақылау құралдары аясын кеңейту – осының бәрі аймақта тұрақты үрдіске айналған. Қазақстанда әлеуметтік желі аудиториясымен жұмыс істейтін тәуелсіз журналистердің аккаунттары жиі бұғатталады; Қырғызстанда зерттеуші журналистер материалдарын билік экстремистік өнімге жатқызады.
