ru24.pro
World News
Декабрь
2025
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25
26
27
28
29
30
31

Атбасар түрмесіндегі азаптау ісі: сот алқасы айыпталушыларды тағы ақтады

0

Ақмола облыстық соты Атбасар түрмесінде ондаған тұтқынды ұрып-соғып, азаптады деп айыпталған 12 қызметкерді ақтады. Істі сот алқасы қараған.

«Сот алқасы сотталушылар кінәсіз деген қорытындыға келді. Қылмыс құрамының жоқтығы және сотталушылардың кінәсіздігі жөнінде шешім кеңесу бөлмесінде дауыс беру арқылы қабылданды. Сот алқасының 10 мүшесі мен судьяның әрқайсысы бір дауысқа ие. Дауыс беруде ешкімге артықшылық берілмейді. Сот үкімі бойынша қылмыстық атқару-жүйесі комитетінің 12 қызметкері кінәсіз танылды» деп жазылған сот хабарламасында.

Сот сонымен бірге барлық сотталушыға ақталу құқығын да берді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылғы шілдеде басталған.

Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.

Биыл ақпанда бірінші инстанциядағы сот түрме қызметкерлерін ақтаған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер бұған наразы болған.

Жәбірленушілердің арасында "ұлтаралық араздық қоздырған" деген айыппен үш жылға сотталған азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев та бар. Былтыр күзде Дәнебаев сотта куәлік беріп, түрме қызметкерлері оны қатты ұрып-соққаны соншалық, есінен танып қалғанын айтқан. Дәнебаевтың сөзінше, оны әжетханадағы еденді жууға мәжбүрлеген, бас тартқаннан кейін қатты соққыға жыққан. Оның айтуынша, оны әжетхананы жууға мәжбүрлеп, басын унитазға тыққан.

Ақмола облыстық соты бірінші инстанцияда шыққан үкіммен келіспей, оны апелляцияға берген. Биыл сәуірде ақтау үкімі жойылып, іс бірінші инстанцияға қайтарылған еді.

Тимур Дәнебаев биыл қыркүйекте бостандыққа шыққан.