Алматыдағы Сайын мен Рысқұлов көшелерін ұзарту: мән-жайы
Алматыда 2026 жылы үш шағынауданда 68 шақырымнан астам жолдың құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ қаланың бірқатар маңызды магистральдарын ұзарту жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"2026 жылы келесі нысандарды аяқтау жоспарланған: үш шағынауданда жалпы ұзындығы 68,5 шақырым жаңа жол салу. Атап айтқанда, Ақжар шағынауданында – 25,3 шақырым (жұмыстар 34 пайызға орындалған), Боралдайда – 10,8 шақырым (50 пайыз), Рахат-Мәдениетте – 32,4 шақырым (35 пайыз)", – деп хабарлады басқарма.
Сондай-ақ, жол-құрылыс жұмыстары инженерлік коммуникациялар тартылған учаскелерде жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Барлық жұмысты 2026 жылғы қарашаның аяғына дейін аяқтау көзделген.
Бұдан бөлек, 2026 жылы бірқатар маңызды қалалық магистральдарды ұзарту жоспарланып отыр.
"Үш көшені ұзарту жұмыстары аяқталады деп күтіледі: Сайын көшесі – 3,2 шақырым (70 пайыз), Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту – 0,6 шақырым (қозғалыс ашылған, 95 пайыз), Рысқұлов көшесі – 2,3 шақырым (15 пайыз). Сондай-ақ бір ішкі магистраль – Төле би көшесі бойынша 4,5 шақырым жол (45 пайыз)", – делінген басқарма хабарламасында.
Басқарма өкілдері құрылыс-монтаж жұмыстары жер телімдерін сатып алу рәсімдері аяқталған сайын кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
