Луврдағы ұрлық ісі бойынша екі күдікті ұсталды
Сенбіде полиция Луврдағы ұрлық ісі бойынша екі күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Franceinfo-ға сілтеме жасап.
БАҚ мәліметінше, күдіктілердің біреуі Алжирге ұшпақ болған әуежайда қолға түсті. Екіншісі Париж маңындағы қала шетінен табылған.
Бұған дейін төрт адамға іздеу жарияланған: екеуі - "Аполлон" галереясына кірген тікелей орындаушылар, тағы екеуі - қылмысқа қатысып, күдіктілердің скутерлермен қашуына көмектескендер. Осылайша, полиция әлі екі күдіктіні іздеп жатыр.
Le Figaro-ның хабарлауынша, Луврдың бір күзетшісі тонаушылармен сөз байласқан болуы мүмкін: алдын ала дерекке сүйенсек, ол музейдің қауіпсіздік жүйесіндегі осал тұстарды табуға көмектескен құпия ақпарат берген.
Істің мән-жайы
19 қазанда Парижде әлемге әйгілі Лувр музейі бірнеше минут ішінде тоналды. BFMTV дерегінше, қаскөйлер оқиға орнына скутермен келіп, сыртқы жүк лифті арқылы терезелерге жетіп, оларды қиратқан. Музейге кірген соң Наполеон мен Жозефина патшайымның коллекцияларындағы зергерлік бұйымдарды ұрлап, қашып кеткен.
Залал көлемі 88 млн еуро деп бағаланды.
Франция президенті Эммануэль Макрон Луврдың тоналуын "елдің мұрасы мен тарихына қол сұғу" деп атады. Ал Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Париждегі Луврды тонауды "кезінде ұлы болған Францияның құлдырауымен" байланыстырды және ұрланған жәдігерлерді сатып алуға дайын екенін білдірді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
